20 Желтоқсан 14:18
...

Марат Омаров Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланды

Марат Омаров
Фото: gov.kz

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың қатысуымен Қазақстан футбол федерациясының ХХVІ кезектен тыс конференция отырысы өтті. Іс-шара барысында федерацияның жаңа президенті сайланды.

Алматы, NEGE. Қазақстан футбол федерациясының президенттігіне кандидаттар ретінде «Алматы облысының футбол қауымдастығы» ЗТБ атынан Алтай Даумов, «Ақмола облыстық футбол қауымдастығы» ЗТБ атынан Ербол Қайыров және «Астана қаласы футбол федерациясы қауымдастығы» ЗТБ атынан Марат Омаров үміткер атанды. ҚФФ Бас хатшысы Саян Хамитжанов жиынды ашып, күн тәртібіндегі мәселелерді атап өтті. Одан кейін президенттікке үміткерлерге сөз берілді. Отырыстың ресми бөлігі аяқталған соң облыстық футбол қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің, футбол ұйымдарының және футбол мектептерінің өкілдері жаңа президентті сайлау үшін дауыс берді.

Нәтижесінде қатысушылар М.Омаровтың кандидатурасын қолдады. Министр Ербол Мырзабосынов Марат Омаровты жаңа лауазымымен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Марат Талғатұлы Омаров 1988 жылы туған.

2010 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша британдық Йорк университетін «философия, саясаттану, экономика» мамандығы бойынша, 2011 жылы әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесі беріле отырып, Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін (LSE) бітірді.

Мансабы:

2012-2014 жылдары — Экономикалық даму және сауда, кейіннен- Экономика және бюджеттік жоспарлау, Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі.

2014-2016 жылдары — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің тарифтік және институционалдық саясатты қалыптастыру департаменті директорының орынбасары.

2016-2017 жылдары — «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарушы директоры.

2017-2019 жылдары — «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ Басқарма төрағасы, трансформациядан кейін — «QazTech Ventures» АҚ Басқарма төрағасы («Бәйтерек «ҰБХ» АҚ құрылымына кіреді).

2019 жылдан бастап 2020 жылғы қазанға дейін — «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ басқарушы директоры — Басқарма мүшесі. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі.

2020 жылғы қазаннан 2022 жылғы тамызға дейін — ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.

2022 жылғы 16 тамызда ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы лауазымына тағайындалды.

https://kaz.inform.kz/news/kazakstan-futbol-federatsiyasinin-zhana-prezident-tagayindaldi-d290ef/