Мао мен Назарбаев. Мемлекеттік МАРАПАТТАР иесін тапты ма?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Респубика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табыстады. Бірақ көпшілік мұндай марапаттарды түрліше қабылдайды.
Айтыскер ақын Әсем ЕРЕЖЕҚЫЗЫ атақ-даңқтан адамның жеке қасиеттерін жоғары бағалайтынын айтады. Ол «Мәдениет саласының үздігі» деген марапаттан бас тартқанын айтады.
«Адамдар бір-бірінен атақпен, ақшамен, дүние-малмен, алтын-күміспен озғысы, ерешеленгісі келеді. Көбі адамның адамнан біліммен ғана озатынын түсінбейді. Атаққа өліп-талып ұмтылатыны сондықтан.
Ә.Ережеқызы.
Бұрын менің де атақ алғым келетін, пендеміз ғой. Артынан түсіндім, оның бекер нәрсе екен. Біліммен озған адамның бойында бәрібір адамгершілік, қарапайымдылық, кісілік қасиеттері сақталып тұрады. Дүниемен, атақпен артыламын деген адамдардың кеудесіне тоғышарлық, менмендік ұя салады.
«Қатарыңның алды болсаң көз тиеді, артында қалсаң сөз тиеді, ортасында жүре бер, балам» дейтін әкем. Жастайымнан оқып Абай атамнан алған тәрбием бар, әкемнің өсиеті бар.
Сол себепті осыдан төрт жыл бұрын жыл сайын желтоқсан айында өтетін жылдың қорытынды айтысында «Мәдениет саласының үздігі» деген атақты береміз, жеке куәлігіңізді жіберіңіз дегенде бас тартқанмын. Мені танитындар таниды, айтысымды көретіндер сыйлайды, одан артық не керек?», – дейді ақын.
Ал журналист Мәриям ӘБСАТТАР атақ-даңққа шын лайықты адамдар көп жағдайда тасада қалып қояды деп қынжылыс білдірді.
М.Әбсаттар.
«Бұл нәрсе қай заманда да өзектілігін жоймайды. Ол – мойындалу. Сенің өзіңді өзің бағалауың бір бөлек, жасаған еңбегің үшін сені елдің елеп-ескеруі бір бөлек. Әйтпесе, кезінде атынан ат үркетін әнші ағамыз «Маған неге атақ бермейді?!» деп үстелді тоқпақтап сұхбат бергенде, сасқанымнан: «Сіздің Пәленше Түгеншеев деген атыңыздың өзі атақ емес пе?», – дегенмін.
Сонда, «расында еңбегі бар адамдарды ел неге көрмейді де, күні кеше келген пысықтар аспандап жүреді?» деп ойланып қалғанмын», – дейді журналист.
Дипломат Қазбек БЕЙСЕБАЕВ марапаттау кезінде Президент Қ.Тоқаевтың Тәуелсіз Қазақстан Парламентінің бірінші төрағасы болған және кейін оппозицияға кеткен Серікболсын ӘБДІЛДИННІҢ атын атағанына қуаныш білдіріп, тұңғыш президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тарихи рөлін ескергені дұрыс деп санайды.
Қ.Бейсебаев.
Бұл жөнінде дипломаттың пікірі мынадай: «Президент дұрыс айтады, себебі, ел тәуелсіздігі Назарбаевтың атымен тығыз байланысты. Оны сызып тастай алмайсың. Ал оның қызметін бағалау басқа мәселе.
Мәселен Қытайда Мао Цзедунның жұмысын 70% – оң, 30% – теріс болды деп санайды. Сондықтан біз де экс-президентке баға беруіміз керек».
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым азаматтарға басымдық беріліпті.
«Атап айтқанда, марапатталғандар арасында 298 ұстаз бен денсаулық сақтау саласының қызметкері, 259 ауыл шаруашылығы маманы, 119 еңбек ардагері, өндіріс саласының 88 жұмысшысы бар.
Бұл – қарапайым еңбеккерлердің мәртебесін асыруға, қоғамдағы қадірін арттыруға бағытталған нақты қадам», – деп жазды Ақорданың ресми сайты.
Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Астана.