USD
USD
USD

Манту сынамасы: аңыз бен ақиқат

Қазір бүкіл әлем коронавирус індетімен күреске жұмылған сәтте, туберкулез секілді қатерлі індетпен күрес мәселесі шетте қалған секілді. 

Манту сынамасы: аңыз бен ақиқат
Фото: NEGE.kz

ДДСҰ екі жылда коронавирустан әлемде шамамен 5-6 миллионнан астам адам көз жұмды деп есептейді. Осыған орай бүкіл әлем дабыл қағуда. Ал ұзақ уақыттан бері жыл сайын әлемде туберкулезден 2 млн адам көз жұматыны туралы статистиканы елемейміз. Туберкулезбен күресте оң нәтижеге қол жеткізу үшін осы ауруды ертерек анықтау аса маңызды. Елімізде туберкулезді анықтаудың екі түрі заңды түрді бекітілген – олар флюорография (15 жастан жоғары) және Манту сынамасы (балаларға). Өкінішке қарай, соңғы кездері елімізде балаларына Манту сынамасын салдыруға қарсы ата-ана қарасы көбейіп келеді. Көп жағдайда ондай ата-ана түрлі күмәнді дерек көздерінен оқып-білген жалған ақпар мен аңыздарға сеніп қалады. Сондықтан ел аузында жүрген осындай қисынсыз әңгімелерге жауап беру үшін ҚР ДСМ фтизиопульмонология Ұлттық ғылыми институтының мамандарының көмегіне жүгіндік.

№ 1 аңыз: «Манту сынамасындағы заттар балаға зиян»

Манту сынамасы – бұл ағзада туберкулез микобактерияларына қарсы антидененің бар-жоғын анықтайтын тест. Туберкулин – вакцина емес, ол баланың ағзасында қандайда бір антидене қалыптастырмайды. Қазақстанда халықты жаппай туберкулезге тексеру мақсатында Манту сынамасы 50 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. 

№ 2 аңыз: «Манту реакциясы үшін құрамында токсинді улануға әкелетін фенолы бар туберкулин қолданылады»

Негізінде фенол көптеген тіршілік иесінде, оның ішінде адам ағзасында үнемі кездесетін, зат алмасу үдерісінің табиғи өніміне жататын зат. Туберкулин ертіндісіне расымен де фенол қосылады. Бірақ оның мөлшерінің аздығы соншалық, адам ағзасы улануы үшін бір тәулік ішінде адамға туберкулинді 1000 мәрте салу керек болар еді.  

№ 3 аңыз: «Манту сынамасының қарсы көрсетілімдері өте көп, бірақ оны дәрігерлер айтпайды»

Манту сынамасының да қарсы көрсетілімдері бар, бірақ көп емес. Манту сынамасын салардың алдында кез келген медицияна қызметкері ол туралы айтып беруге міндетті:
• Асқынған инфекциялық аурулар;
• Асқынған жағдайдағы кез келген созылмалы дерт;
• Терінің бөртуі;
• Аллергия реакциясы;
• Бронхиалды астма;
• Балалар мекемесіндегі карантин;
• Бала соңғы бір айда екпе алған жағдайда.

Тіпті осындай қарсы көрсетілімдері бар болған жағдйдың өзінде Манту салдыру еш қауіп төндірмейді. 

№ 4 аңыз: «Манту сынамасы  екпеге жатады. Балаға ауру тудыратын препарат егіледі»

Манту сынамасы ешқандай екпеге жатпайды. Бұл ағзада туберкулез микобактериясының бар-жоғын және сәби кезінде салынған БЦЖ екпесінен кейін иммунитет қалыптасқан-қалыптаспағанын анықтайтын диагностикалық тәсіл. Манту сынамасының тәсілі тері астына туберкулез микобактериясынан алынған антигенді енгізу жолымен оған деген ағзаның жауабын алу қағидасына сүйенеді. Препарат егілген жерге туберкулезге қарсы иммунитетке жауап беретін қан жасушалары жиналады. Егер ағзада Кох таяқшалары болса онда тері әдеттегіден үлкен болып қызарып, ісінеді. Егер бала қандай да бір себеппен түрлі профилактикалық екпе алудан босатылса, онда оған міндетті түрде Манту сынамасы жасалуы керек. 

№ 5 аңыз: «Манту сынамасын өзге қауіпсіз тест түрімен алмастыруға болады»

Манту реакциясы – бүгінгі күнде балалардағы туберкулезді анықтаудағы ең басты тәсіл. Бұдан басқа диагностикалық әдістер тек туберкулез диагнозын түпкілікті қою үшін ғана қолданылады. Ол әдістермен Манту сынамасын алмастыру мүмкін емес, себебі олар адамның ауырғаны және БЦЖ екпесін қайта салдыруы керек екені жайлы жалпы ақпарат бере алмайды. 

№ 6 аңыз: «Егер Манту сынамасы оң нәтиже көрсетсе, онда бала туберкулезге шалдыққан»

Инфекция жұқтыру баланың міндетті түрде туберкулезбен ауырып қалды дегенін білдірмейді.  Тек емшектегі балалар ғана инфекцияны жұқтырғанда көбіне туберкулезбен ауырады. Ересектеу балаларда ауру көбіне білінбей өтеді және ұзақ уақыт туберкулез олардың ағзасында белсенді шабуылға көшпеуі мүмкін. Бірақ дұрыс тамақтанбағанда, адам иммунитеті басқа аурудан немесе күйзелістен  нашарлағанда, туберкулез кез келген сәтте белсенді күйге көшуі мүмкін. Сондықтан Манту сынамасы алаңдауға негіз бар ма, жоқ па деген сұраққа жауап береді.

Егер ата-анасы баласына Манту сынамасын салдырудан бас тартса, туберкулезге шалдыққан-шалдықпағанын анықтауға кедергі келтірсе, онда дәрігерлер баланың ағзасында туюберкулездің бар-жоғын айта алмайды. Бірақ Манту сынамасын жасатпаған баланы мектепке немесе балабақшаға қабылдамауы мүмкін. Туберкулезді дәрігерлер отбасылық ауру деп атайды. Себебі бұл жұқпаның бір шаңырақ астында тұратындарды білдіртпестен ұзақ уақыт бәріне жұғатын ерекшелігі бар. Туберкулезбен ауыратын адам кемінде 6-8 адамға жұқтырады деп есептеледі. Манту сынамасы жасалмаған бала саны көбейген сайын, туберкулезді бақылауда ұстаудың, оны еретерек анықтаудың қаншалықты қиындайтынын, сәйкесінше бұл індетті өршітіп алу қаупі туатынын қоғам жақсы түсінуі тиіс. 

Әділ Ұзақбай, Алматы.

Қазір оқып жатыр

Астаналықтар аурухана жанындағы құрылысқа қарсы петиция жариялады

.

Тоқаев пен Ердоған Мәңгілік достық туралы декларацияға қол қойды

Ердоған, Тоқаев

Алматының Наурызбай ауданында ауаның ластануы мөлшерден бірнеше есе асып кеткен

ауа сапасы

Атырау облысының әкімдігі Индер көлін ерекше қорғалатын аумақтар тізімінен қалай шығартты

.