Маңғыстауда тағы дау: Миллиондар жымқырылды

Маңғыстау тарихи-мәдени қорығының лауазымды тұлғалары бюджеттің 7 млн теңгесін жымқырды деген күдікке ілінген еді. Тергеу мәліметінше, аталған мекеме мен «Маңғыстау-реставрация» серіктестігі арасында «Ақмыш сайы» табиғи ескерткішін абаттандыруға қатысты келісім-шарт жасалған.
Алайда, қорық басшылығы орындалмаған жұмыс актілерін толтырып, қомақты қаржыны жеке компания шотына аударғаны анықталды. Құзырлы орган қызметкерлері әлгі ескерткішті барып қараған соң, күдіктілердің алдын ала сөз байласу арқылы мемлекет ақшасын қолды еткенін түсінген.
Сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтық департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Әсет Ізбасар: «Қазіргі таңда департамент пен Маңғыстау тарихи-мәдени қорығы мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР қылмыстық Кодексінің 189-шы бабының 3-ші бөлігінің 2-ші тармағымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Процессуальдық шешім қабылданып, әрі қарай сәйкесінше сотқа жолданатын болады», – деген болатын.
Тілшіміз Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз хатшысына хабарласты. Бұл іске қатысты сот отырысының біріншісі өткенін, таяуда екіншісі болатынын айтты. Бұдан кейін бұл мәселе жайында толыққанды мәліметке қанық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаменті өкілімен де тілдесті.
«2021 жылдың 10 ақпанында Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ҚР қылмыстық Кодексінің 189-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша №204700131000126 сотқа дейінгі тексеру жұмысын аяқтады.
Нәтижесінде Маңғыстау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі жөніндегі басқармаға қарасты Маңғыстау тарихи-мәдени қорығы мемлекеттік мекемесінің басшысы міндетін атқарушы тұлға мен «О» ЖШС директоры «Ақмыш сайы» табиғи ескерткішін абаттандыруға бөлінген 7 млн 420 мың 200 теңгені жымқырғаны белгілі болды.
Осы жылдың 22 ақпан күні Маңғыстау облыстық Прокуратура Қылмыстық кодекстің 302-бабының 1-бөлімі, 1-тармағы бойынша қылмыстық істі Ақтау қалалық сотына жіберді. Күдіктіге жымқырылқан қаржының он еседен жиырма есеге дейінгі мөлшерінде айыппұл салынуы немесе дүние-мүлкі тәркіленіп, 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Сондай-ақ, өмір бойы белгілі бір лауазымды қызметке орналасу және лауазымды қызметпен айналысу мүмкіндігінен қағылады», – деп жауап берді.
Маманның айтуынша, іс сотта қаралып жатыр. Шешім шыққан күні жария етіледі.
Жалпы, Маңғыстау – туризмге сұранып тұрған өңір. Алайда, мұнда осы салада іргелі жұмыс жүре бастаса, шу шығатыны несі екен? Билік қолдау танытқан Бозжыра шатқалына қонақ үй салу жобасы қоғам қарсылығына тап болды. Енді міне, «Ақмыш сайы» табиғи ескерткішіне бөлінген қаржы да талан-таражға түскен...