5 Мамыр 18:33
...

Маңғыстауда кәсібін жаңа бастаған тұрғындар 1% жылдық үстемемен жеңілдетілген несие ала алады

Фото:

Биыл өңірде шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында «Mangystau business» бағдарламасын іске асыру жоспарланған. Оның аясында өз ісін жаңа бастаған жеке кәсіпкерлер жылдық 1%-бен 50 млн теңгеге дейін несие ала алады. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев бизнес туризм саласына ден қоюы керек екенін атап өтті. Себебі өңірдің туристік тартымдылығын арттыру облыстағы әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарының бірі, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Алматы, NEGE. Қазақстанның экономикалық саясаты шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған. Ішкі нарықты отандық тауарлар мен қызметтермен қанықтыруға ерекше назар аударылады. Маңғыстауда шағын және орта бизнесті қолдау бойынша бірнеше шаралар пакеті іске асырылуда. Мысалы, 2023 жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 250 млн теңге бөлінген.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 есе көп. 

Бұдан бөлек, облыста шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында биыл «Mangystau business» өңірлік бағдарламасын іске асыру жоспарланған. Оның аясында ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер жылдық үстемемен 1% жеңілдікпен несие ала алады. Несие мерзімі-60 ай. Өңірлік бағдарламаны іске асыру шеңберінде 50 жаңа жобаны қолдау көрсетіліп, 100-ден астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.

– Біз мұнай саласында жұмысқа орналасу бәріне мүмкін емес екенін бірнеше рет ашық айттық. Сондықтан мемлекет тұрғындар өз кәсібімен айналысып, өз ісін ашуы үшін нақты шараларды ұсынады. Ол үшін мемлекет есебінен кез-келген адам тегін білім алып, бизнес-жоспар жасақтай алады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін жылдық 2,5% жеңілдетілген несие түріндегі қолдау шарасын пайдалануға мүмкіндігі бар. 
Сондай-ақ, биыл біз «Mangystau business» аймақтық бағдарламасын іске қосамыз. Бұл бағдарлама кез-келген бастаушы кәсіпкерге үлкен мүмкіндік. Жасқа байланысты шектеу болмайды. Тұрғындарға арналған тағы бір мүмкіндік: ол грант, оны иелену үшін арнайы комиссия алдында әзірленген бизнес-жоспарыңызды қорғайсыз. Өткен жылы шағын және орта бизнес  субъектілерінің саны 36,7% - ға өсті. Бұдан шығатын қорытынды, өңір экономикасындағы кәсіпкерлік саланың үлесі жыл өткен сайын артып келеді, - деді Нұрлан Ноғаев. 

2022 жылы 3 273 шағын және орта бизнес жобасы мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланған. Оның ішінде:
– кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 46 млрд. теңге сомасына 3 106 жобаға қолдау көрсетілген. Нәтижесінде 274 жаңа жұмыс орны құрылып, 520 жұмыс орны сақталған;
– Жұмыспен қамту жол картасы аясында 1 млрд. теңгеге 167 жобаға қолдау көрсетілген.

Өңір басшысы өз бизнесін дамытқысы келетіндер ішкі туризмге назар аударуы керек екенін атап өтті.

– Шағын және орта бизнес туристік индустрияның дамуына зор үлес қосады. Шағын қонақ үйлер мен кафелердің иелері, экскурсоводтар, ұлттық кәдесыйлар мен жергілікті азық-түлік өндірушілері туристің сапардан қандай әсер алатынына ықпал етеді. Мен өңіріміздің әр ауылында қолөнермен айналысатын, киіз өңдеп, ұлттық стильдегі қолөнер бұйымдарын жасайтын адамдар бар екеніне бірнеше рет назар аудардым. Неге осындай ерекше дүниелерімізді, жергілікті туризмді сапалы жаңа деңгейге шығармасқа, - деп атап өтті облыс әкімі. 

Өңір басшысының айтуынша, туризм Қазақстан үшін салыстырмалы түрде жаңа сала. Дегенмен, Маңғыстау облысы көптеген киелі орындар мен тарихи-мәдени ескерткіштері, өзінің географиялық орналасуына байланысты туризм саласында үлкен әлеуетке ие.
Өңірдің туристік саласын дамытудың маңызы жыл сайын артып келеді. Мұны саладағы оң динамикадан да көруге болады. 2022 жылы бұл салада көрсетілген қызметтер көлемі 11,5 млрд. теңгені құрап, 1,6 есеге өскен. Жыл басынан бері аймаққа шетелден және еліміздің басқа өңірлерінен 310 мыңнан астам турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6% - ға артық. Жыл басынан бері 6 рейс іске қосылған. Олар: Ақтау-Лондон, Ақтау-минералды сулар, Ақтау-Екатеринбург, Ақтау-Санкт-Петербург, Ақтау-Уфа, Ақтау-Сочи бағыттары. 

Курорттық аймақты дамыту шеңберінде 
2022 жылы жергілікті инвесторлар 4 жобаны іске асырған. Нәтижесінде 1,1 млрд. теңгеден астам инвестиция тартумен 80-нен астам жаңа жұмыс орны құрылған.

Жалпы өңірде туризм саласында 2023-2025 жылдар аралығында сомасы 100 млрд.теңгеге 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. 

– Осы жобалардың барлығы өңір экономикасының дамуына оң мультипликативті серпін береді. Туристік сала қазіргі Қазақстан экономикасының жетекші салаларының біріне айналуы мүмкін. Статистикалық деректерге қарайтын болсақ, табыс көлемі бойынша туризм әлемдік экономиканың жетекші салалары арасында үшінші орынды иеленді, - деп қорытындылады Нұрлан Ноғаев.

Тегтер: