Маңғыстауда тұңғыш мұз айдыны кешені ашылды

Бүгін, 24 шілде күні, Жаңаөзен қаласында ангар типіндегі көпфункционалды мұз айдынының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Маңғыстау, NEGE. Игі шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, жергілікті тұрғындарды тарихи оқиғамен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды спортқа баулуға әрдайым ерекше мән беріп келеді. Міне соның айқын дәлелі - бүгінгі іс-шара. Жаңа мұз айдынында қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында мәнерлеп сырғанаудан спорт шебері Алена Понкратова арнайы Санкт-Петербургтен шақыртылып, осы кешенде тұрақты жаттықтыру үшін келісімшартқа отырды. Енді ата-аналарға, жаттықтырушылар мен спорт ұйымдарына зор сенім артылып отыр. Жас спортшыларымыз кәсіби жаттықтырушымен бірге жаңа биіктерді бағындырып, жарқын жеңістерге жететініне сеніміміз мол. Көк Туымызды көкке көтеретін нағыз саңлақтар осы мұз айдынынан шыға берсін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жаңа кешеннің құрылысы 2023 жылы басталып, 2024 жылы толық аяқталды. Жоба жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

Нысанның жалпы аумағы – 1100 шаршы метр, оның ішінде мұз алаңы 960 шаршы метрді құрайды. Мұз айдыны бір мезетте 500 адамды қабылдай алады. Спорттық кешенде ұлдар мен қыздарға арналған жуыну және киім ауыстыру бөлмелері, жаттықтырушылар мен медициналық қызметкерлерге арналған кабинеттер, сондай-ақ әкімшілік бөлмелер қарастырылған.

Кешеннің екінші қабатында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне арналған заманауи жаттығу залы орналасқан. Мұнда 10-18 жас аралығындағы алғашқы даярлық топтары мен жас спортшылар кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен жаттығатын болады.

Алдағы уақытта нысанда хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және керлинг сынды олимпиадалық спорт түрлерінен тегін үйірмелер жұмысын бастайды.