Маңғыстауда темір жол өткеліне шығып кеткен жүк көлігі тепловозбен соқтығысты
ҚТЖ ақпаратынша, оқиға 2 қараша сағат 16:55-те Ақтау теңіз портының кірме жолының күзетілмейтін және реттелмейтін темір жол өткелінде болған.
Астана, NEGE. «МАЗ» жүк көлігінің жүргізушісі резервпен шамамен 5 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан тепловозға жол бермей, екеуі бір-біріне соқтығысқан.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген, алайда тепловозға елеулі техникалық зақым келген. Апат жөнінде желілік полиция бөліміне хабар берілген.
Жол-көлік оқиғасының алдын-ала себебі ретінде жүргізушінің Жол қозғалысы ережелерін бұзуы аталды.
ҚТЖ жүргізушілерді темір жолдарды кесіп өту кезінде мұқият болуға, жол белгілері талаптарын сақтауға, темір жол көлігін өткізіп жіберуге кеңес береді.