Маңғыстауда командирінің қолынан қаза тапқан сарбаздың өліміне жауаптылар жазаланды ма?
2024 жылы 7 қыркүйекте «Оймаша» полигонында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы бөлімшелерінің оқу-жаттығуы кезінде әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы сарбаз өз командирі атқан оқтан қаза тапты.
Ақтау гарнизоны 25744 әскери бөлімінің зениттік артиллерия взводының командирі 22 жастағы Дамир Досов қамалды. Қатардағы сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты іс Әскери сотқа тапсырылған болатын.
Белгілі болғандай, 17 қаңтар күні, әскери сотта 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты куәгерлерден жауап алу аяқталды. Сотта Досов өз кінәсін мойындамайтынын, тек әзілдегісі келгенін айтып ақталды. Жарыссөз күні 24 қаңтарға белгіленді.
Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз конференциясында осы жағдайға қатысты NEGE тілшісі жолдаған сауалға ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-майор Қуанышбек ҮШТАЕВ жауап берді.
«Қазір бұл іс бойынша сот жүріп жатыр. Біріншіден, бұл жерде біздің офицеріміздің тәртіпсіздігі себеп. Оқу мекемесі оған тиесілі деңгейде әскери білім берді. Ол соның бәрін біле отырып, осындай жағдайға жол берді. Офицеріміз өзінің тапаншасын тек қана әскери бағытта ғана қолдануы керек еді. Өкінішке қарай, оны адамдарға бағыттап, соңы сарбазымыздың өліміне себепкер болды», - деді Қуанышбек Үштаев.
Брифингте ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мереке Көшекбаев айтуынша, лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қорғаныс министрінің бұйрығы негізінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал Бауыржан Артықов жазаланса, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бастығы атқарып отырған қызметінен кетті.
Үш лауазымды тұлғаға қызметке толық сәйкес еместігі жайында ескерту жасалған, ал төрт офицерге түрлі тәртіптік жаза түрлері тағайындалды.