Маңғыстауда қарақұрт қаптады: ауруханаларда уға қарсы сарысу жеткіліксіз
Ақтау тұрғындары ойын алаңдарында қаптаған қарақұрт балаларды шағып ала ма деп қауіптеніп, биліктен шара қабылдауды талап етуде. Өңірде жыл басынан бері 18 адамды қарақұрт шағып, медициналық көмекке жүгінген.
Астана, NEGE. Мамандар бірқатар медициналық ұйымда қарақұрт уына қарсы арнайы сарысу қоры жеткіліксіз екенін алға тартады, деп жазады Lada.kz.
Осыған байланысты зардап шеккендерді облыс орталығындағы медициналық мекемелерге тасымалдауға тура келеді.
Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының директоры Жанар Досжанованың айтуынша, соңғы он күнде ауруханаға қарақұрт шақты деген күдікпен екі бала түскен.
«Балаларда шаққан жердің қатты ауыруы, сондай-ақ дененің әртүрлі бөліктерініндегі ауырсыну, жүрек айну, құсу, дене қызуының көтерілуі және қатты мазасыздық байқалды. Сондықтан ата-аналар балалардың ойын алаңдары мен демалыс орындарындағы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуі қажет. Қазіргі уақытта балалар қажетті ем қабылдап жатыр, жағдайлары тұрақтанды», – дейді Жанар Досжанова.
Өңірде қарақұрттардың көбеюіне байланысты облыстық әкімдікте арнайы кеңес өтті. Мамандардың айтуынша, биыл жауын-шашынның мол болғандықтан, қарақұрттар әдеттегіден ерте пайда болып, улы жәндіктің саны айтарлықтай артқан.
Облыс әкімдігінде зардап шеккендерге дер кезінде медициналық көмек көрсету және қарақұрт шағуының алдын алу жөнінде бірқатар тапсырма берілді. Атап айтқанда, облыстың барлық қалалары мен аудандарында қарақұртқа қарсы сарысудың қажетті қорын қалыптастыру, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, аулалар мен шаруашылық аумақтарын тазалау, сондай-ақ дезинсекциялық шаралар жүргізу тапсырылды.
Балабақшаларда, жазғы сауықтыру лагерлерінде және балаларға арналған өзге де мекемелерде қауіпсіздік шаралары күшейтілмек. Сондай-ақ құрғақ шөп пен өсімдіктерді тазалау кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.
Қазір оқып жатыр
«Ғалымдар жаппай қуылды» деген ақпарат шындыққа жанаса ма? Ясауи университеті жауап берді
2 млрд теңге табыс тапқан: Алматыда Kizdar.net сайтын құрушылар қамауға алынды
АҚШ-та жоғалып кеткен қазақстандық жігітке қатысты тың ақпарат айтылды
Samruk-Kazyna Construction еншілес компаниясын 228,8 млн теңгеге сатпақ