Маңғыстауда «Бозжыра» визит-орталығының құрылысы басталды

13 сәуір күні Маңғыстау облысындағы «Бозжыра» шатқалында жаңа туристік жобаның алғашқы қазығы қағылды. Заманауи үлгіде салынатын визит-орталықта саяхаттаушыларға барлық жағдай қарастырылады. Мұнда келушілер орталығы, этно-кафе мен глэмпингтер бой көтермек.
Маңғыстау, NEGE. Игі істің бастауына ауыл ақсақалдары батасын беріп, сәттілік тіледі.
Сапар орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысқан Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жаңа нысанның өңір үшін маңыздылығын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бозжыра секілді тарихи, көрікті орындарда туризмді дамыту туралы нақты тапсырма берген болатын. Бүгін сол бастаманың алғашқы қадамы жасалуда. Мұндай сұлулығы көз тартар мекендер әлемде санаулы ғана. Біз тарихи тамырын сақтай отырып, бұл жерді заманауи туристік орталыққа айналдыруды көздеп отырмыз. Туристер үшін қолайлы жағдай жасау – бір міндет болса, негізгі мақсатымыз - жергілікті тұрғындардың бұл жобаның игілігін көруіне мүмкіндік жасау. Жақын маңдағы елдімекен тұрғындары ауылшаруашылық өнімдерін сатып, қосымша табыс таба алады. Бұл жоба аймақтың туристік әлеуетін дамытып қана қоймай, өңір экономикасына оң серпін береді деп сенеміз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жобада 17 глэмпинг павильоны, 50 қонақүй бөлмесі, жалпы аумағы 450 шаршы метр болатын визит-орталық пен этно-кафе қарастырылған.
Кешен құрылысы отандық инвестор – «Pana Asia» ЖШС-нің жеке қаржысына жүзеге асады. Жоба авторларының айтуынша, визит орталығы экологиялық талаптарға және тұрақты туризм принциптеріне толықтай сай келеді.

– Визит-орталық қоршаған ортаға зиян келтірмейтіндей етіп жобаланған. Биологиялық тазарту жүйелері, қоқысты сұрыптап жинау, күн энергиясын пайдалану сынды шешімдер көзделіп отыр. Туристерге барлық жағдай жасау — басты мақсатымыз. Сонымен қатар қазақтың ұлттық тағамдары мен құндылықтарын насихаттауға да мән береміз, – дейді жоба жетекшісі Сәуле Джанабаева.
Өңірдің туристік әлеуетін ілгерілетуге бағытталған кешен 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Бұл жобаның сәтті бастау алғанына өңір тұрғындары да қолдау білдірді.
– Көптен күткен кешеннің басталғанына өте қуаныштымыз. Маңғыстау экономикасы енді тек мұнайға емес, туризмге де арқа сүйей алады. Кешеннің салынуына қолдау білдіреміз, жергілікті кәсіпкерлердің де өз ісін жасауына мүмкіндік беріледі, – деді облыстық мәслихат депутаты, Жаңаөзен қаласының тұрғыны Шәріп Ақжігітов.
Сонымен қатар, облыс әкімі Бозжыра шатқалына барар жолда орналасқан жол бойында қызмет көрсету орталығының құрылысымен де танысты. Аумағы 12 гектарды қамтитын нысанда туристерге арналған ақпараттық тақталар, қоғамдық тамақтану орны мен шағын демалыс қалашығы қарастырылған. Бұл нысан 2026 жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде.