25 Мамыр 18:20
...

Маңғыстау өңірінде тұрғын үй құрылысы жанданды

Фото:

Тұрғын үй құрылысын жандандыру еліміздің барлық өңірінде жалғасып жатыр. Бұған дейін әлемді жайлаған коронавирус індеті мен елімізде жыл басында болған «Қаңтар оқиғасы» тұрғын үй құрылысын біраз тоқыратқан еді. Соның салдарынан құрылыс материалдары бағасы күрт өсіп, кейбір құрылыс компаниялары міндеттелген жұмысты өз межесінде бітіре алмады. Бұл 2019-2021 жылдары жасақталған жобалық-сметалық құжаттаманы қайта қарауға алып келді.    

Жыл басталғалы Маңғыстау облысында 247,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл туралы Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының міндетін атқарушы Айнұр Манкешова мәлім етті.

Оның айтуынша, дәл қазір өңірде бірнеше үйдің құрылысы жүріп жатыр. Соның ішінде Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында 3,9 мың шаршы метрді құрайтын 72 пәтерлік тұрғын үй құрылысы таяу арада пайдалануға берілмекші.  

«Осы жылдың қорытындысы бойынша 1 млн 50 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарладық. Айталық, мемлекеттік тапсырыс бойынша 45 мың шаршы метр, коммерциялық тұрғын үйлер 602 мың шаршы метр, жеке тұрғын үйлер 403 мың шаршы метр болмақ. Несиелік тұрғын үй бағыты бойынша 1035 пәтерге арналған 65,3 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 2022 жылы қаражат толығымен қарастырылған жағдайда 819 пәтерді (50,4 мың шаршы метр) аяқтау жоспарланды және жобаның ЖСҚ өзгерістер енгізілуіне байланысты 216 пәтерге арналған тұрғын үй құрылысы 2023 жылы жалғасады. Қазір Ақтау қаласының 19 «а» шағынауданында 22,434 мың шаршы метрді құрайтын 432 пәтерлік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр», – деді  Айнұр Манкешова.

Бүгінде «Аққу» шағынауданының үшінші кезегі салына бастады. Бұл 227 пәтерден тұратын тұрғын үй құрылысы 17,056 мың шаршы метрді құрайды. Одан бөлек Жаңаөзен қаласында 160 пәтерден тұратын 5 қабатты тұрғын үй бой көтеруде. Ақтау қаласының 18-ші ықшам ауданында 216 пәтерден тұратын 9 қабатты 4 тұрғын үй құрылысының да тамырына қан жүгірген. Бұл тұрғын үй кешендері 2023 жылы пайдалануға беріледі. 

Сондай-ақ, Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарма өкілі инженерлік желілер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында егжей-тегжейлі мәлімет берді. Оның айтуынша, биыл инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы бойынша 16 жоба мақұлданып, 10 жоба бойынша мердігер мекеме анықталды. 

Осы тұрғыда Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының міндетін атқарушы Айнұр Манкешова: «Мұнайлы ауданы Баянды ауылындағы жаңа тұрғын үйлерді электр желісімен қамту құрылысы, Мұнайлы ауданының Батыр ауылдық округінде жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер үшін газбен жабдықтау желілерін салу, Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Шапағатов ауылында жаңа тұрғын үйлерді газбен жабдықтау құрылысы, Ақшұқыр аулының тұрғын үйлеріне электр желісін (1241 телім) құрылысын жүргізу жұмыстары,  Маңғыстау ауданы Қызан ауылынан тоқ және газ желілерінің құрылысы, Ақшұқұр ауылы, Кезбаев, Қазиев, Бекжанова, Әбілқайыр көшелеріне 1, 2, 5 кварталдарын газ желісімен қамту құрылысы бар», – деді.

Аудандарда тұрғын үй қорының басым бөлігі жеке тұрғын үйлердің үлесінде.  Қазіргі уақытта тұрғындар үшін тұрғын үйді салғаннан гөрі, дайын үйді сатып алған тиімдірек болып тұр. Сондай-ақ, халықтың ауылдық жерлерден қалалық ортаға көшіп кетуі байқалады. Бұл ауылдық жерлердегі тұрғын үй құрылысының қарқыны мен сұраныстың төмендеуіне әкеліп отыр.

«2021 жылы Маңғыстау облысы бойынша тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспары – 1,201 млн шаршы метр болса, сол жылдың айларының бойынша өңірімізде 1,208 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Нақты көлем индексі – 101% құрады» дегенді айта кетті басқарма маманы. Ал 2022 жылға тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспары – 1,050 млн  шаршы метр. Қаңтар-сәуір айларында 317 698 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 80,6%-ға жетті.

Бұл өңірдегі баспана кезегінде тұрғандардың санын азайта ма? Қазір облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 23 670 адам тұр. 2022 жылға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында 72 пәтерге арналған 3,9 мың шаршы метрді құрайтын жалдамалы тұрғын үй құрылысын биыл 3 тоқсанда тапсыру жоспарланып отыр. Баспана мәселесін жедел шешу мақсатында жалға алған тұрғын үйді субсидиялау тетігі іске қосылады. Бұл мүмкіндікті көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар пайдалана алады.

Осылайша, Маңғыстау өңірінде құрылыс жұмысы қайта жандана бастады. Бұл өз баспанасын күтіп жүрген өңір жұртының басты мәселесін шеше ме, жоқ па, белгісіз. Ең бастысы, тұрғын үй құрылысының тамырына қан жүгіргеннің өзі көңілге демеу. 

Тегтер: