Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы 1 өрт сөндіру көлігін 1,3 миллиард теңгеге сатып алмақшы

Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Мұханов 1 өрт сөндіру көлігін 1,3 миллиард теңгеге сатып алмақшы.
Алматы, NEGE. Автокөлікті «Rolls-Royce» компаниясы шығарған. Бұл ақпарат мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Төтенше жағдайлар департаменті ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Ақтауда көп қабатты ғимарат көп болғандықтан, биік әрі заманауи автосатыға қажеттілік туындаған.
«Ақтау қаласында көпқабатты ғимараттардың көбеюіне байланысты адамдарды жоғарғы қабаттардан құтқаруға және эвакуациялауға, өрттерді сөндіруге және басқа да төтенше жағдайлар кезінде, биік ғимараттарда авариялық — құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған арнайы өрт техникасын – автосатыны сатып алу өте қажет. Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығына сәйкес, Ақтау қаласына ұзындығы 50 метрден асатын 2 автосаты алу қажет», – делінген хабарламада.
Бүгінде облыста 35 метрге дейінгі 10 техника және 54 метрге дейінгі 1 ғана техника бар. Соның 3-еуі нормативтік мерзімнен асып, 15 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келеді. Осыған байланысты, заманауи үлгідегі автосатыларды сатып алу қажеттілігі туындаған. Көпфункционалды арнайы техника – құтқару жұмыстарын жеделдету үшін жылжымалы лифтпен, өртті сөндіру үшін тұрақты су беруге арналған лафеттік оқпанмен, түнгі уақытта құтқару-эвакуациялау жұмыстарын жүргізуге арналған жарықтандыру құрылғысымен, зембілмен және авариялық-құтқару құралдарымен жұмыс істеу үшін қажет 220-380 В қуат көзімен жабдықталған.
«Алайда отандық өндірушілер мұндай автокөлік сатыларын өндірмейтіндіктен, техниканы шетелдік өндірушілерден сатып алу жоспарлануда. Бұл қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтап, төтенше жағдайларда жедел іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан бәсекелестік ортадағы мемлекеттік сатып алу порталында өндірушілер ұсынған бағаға сәйкес, арнайы автосатылардың бағасы жарияланды», - делінген хабарламада.