25 Шілде 15:17
...

Маңғыстау облысының әкімі жастармен тікелей диалог жүргізді

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялады. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған.

Маңғыстау, NEGE. Аймағымызда жұмысшы мамандықтарын дәріптеу мен жастарды еңбекке баулу мақсатында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңір жастарымен ашық форматта кездесу өткізді. Жиында жастар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, аймақ басшысына тікелей сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасарлары, түрлі салада табысқа жеткен ел азаматтары қатысып,тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар берер кеңестерін айтты.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Үш сағатқа жуық созылған басқосуға облыстың әр аймағынан келген 500-ге жуық жас қатысты. Оның ішінде түрлі салада еңбек етіп жүрген мамандар, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, «Жасыл Ел» еңбек жасағы мен жастар ұйымдарының мүшелері бар.

Еркін әрі мазмұнды форматта өткен жүздесуде аймақ басшысы өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жетістікке жету жолындағы табандылық пен іске адалдықтың маңыздылығын атап өтті.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Қазіргі таңда жастардың басым бөлігі мұнай саласында жұмыс істеуді қалайды. Бұл салада бос жұмыс орындары шектеулі. Қоғамда үлкен жетістікке жеткен азаматтардың ешқайсысы бірден мұнайдан бастаған жоқ. Барлығы қарапайым қызметтен бастады. Мамандыққа деген адалдық, еңбекқорлық пен төзімділік – кез келген салада жетістікке жетудің басты шарты. Бүгінде біздің өңірге көршілес шет елдерден мыңдаған адам келіп жұмыс істейді. Олардың саны облыстағы жұмыссыздар санынан әлдеқайда көп. Еңбек етемін деген жанға жұмыс бар. Ештеңеден қорықпай, дұрыс мамандық таңдап, ел игілігі үшін еңбек етіңіздер. Сонда нәтижесі болады», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Кездесуде жастар өз идеялары мен бастамаларын ортаға салып, түрлі әлеуметтік жобаларға қатысуға ниетті екенін білдірді. Әкім олардың ұсыныстарын назарға алып, кейбір бастамаларды қолдауға дайын екенін айтты.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, бүгінде Маңғыстау облысында 14 пен 35 жас аралығындағы 240 мыңнан аса жас бар. Жастар саясатын жүзеге асыруда өңірде 7 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, 26 кәсіпорында жас мамандар кеңестері құрылған.