25 Сәуір 15:59
...

Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы шаралар жалғасын тапты

Маңғыстау облысы
Фото: Маңғыстау облысы

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Маңғыстау ауданындағы «Айрақты» тауы мен «Қызылсай» табиғи паркі аумағына тазалық жұмыстары жүргізілді.

Алматы, NEGE. Сенбілікке «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ қызметкерлері қатысты.

«Айрақты» тауы – Маңғыстау ауданындағы Шетпе ауылының солтүстік-батыс жағында орналасқан ең әсем шөгінді тау. Өзінің табиғи сұлулығымен, ерекше экожүйесімен және тарихи мәнімен ерекшеленеді.

Айрақтының жан-жағы – құз жартас, үсті тақтайдай тегіс, жауын-қар сулары сақталатын тастақтары мол. Оның үңгірлерінде сақталған шимайлы суреттер кезінде Алан Медоевтің зерттеу объектісіне айналды. Бұл жердің етегі су жолының бастау алар жері, Г.С.Карелиннің 1832 жылы мұнай белгісін аңғарған мекені. Айрақты – малмен қоса егіншілікті, балық аулауды кәсіп еткен адамдардың мекені. 
«Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі 2012 жылы құрылған. Аумағы - 700 мың гектарды құрайды. Негізгі міндеті — жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау және өсімін молайту. Қызылсай паркінің құрамына «Тасорпа», «Манашы», «Жабайұшқан», «Адамтас» мемлекеттік табиғи қаумалдары мен Қызылсай паркі кіреді. Аталған аумақтарда қызыл кітапқа енген аң-құстар, өсімдіктер қорғалуда. Көктемгі санақ кезінде парк қорғауындағы арқар, қарақұйрық басы 13%-ға көбейіп, аңдар мен құстар үшін даладағы бұлақтар көзі ашылған.

Маңғыстау облысы
Фото: Маңғыстау облысы

«Шара барысында «Айрақты» тауы мен «Қызылсай» табиғи паркі аумағы қоқыстан тазартылды. Негізгі мақсаты – жастардың қоршаған ортаны қорғауға деген назарын аударып, экологиялық жауапкершілік сезімін қалыптастыру және Маңғыстау облысының табиғи байлығын сақтауға үлес қосу. Әрбіріміз қоршаған ортаны сақтау сияқты үлкен істің бір бөлігі бола аламыз. Баршаңызды облыс аумағындағы кез-келген экологиялық шараларға қатысуға шақырамыз. Сіздің белсенділігіңіз – таза әрі экологиялық қауіпсіз Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам», - деді «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің директоры Мыңберген Қаратауов.

Маңғыстау облысы
Фото: Маңғыстау облысы

Қатысушылар аумақтарды тазалап, қоқысты сұрыптап, өңірдің қайталанбас табиғатын сақтау ісіне өз үлестерін қосты.

Өңіріміздегі тарихи-мәдени кешендерді барлық демалушылар үшін таза және жайлы ұстаудың маңызын атап өтіп, аудан тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды.