Мәнерлеп сырғанаушы Малинин Шайдоровты құшақтағаны үшін арнайы сыйлыққа ие болды
Америкалық мәнерлеп сырғанаушы, екі дүркін әлем чемпионы Илья Малинин Олимпиадада сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін нәтижесі жарияланған бойда қазақстандық Михаил Шайдоровты құшақтап, құттықтаған еді. Осы құрметі үшін Малинин Халықаралық Олимпиада комитетінің «Әділ ойыны үшін» жүлдесін жеңіп алды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Халықаралық Олимпиада комитеті хабарлады.
«Командалық есепте Олимпиада чемпионы болған Малинин ерлер арасындағы жекелей сында жүлдегерлер қатарына ілінбей қалғаннан кейін өкінішін бірден ысырып қойып, алтын медаль иегері Михаил Шайдоровты құшақтап, құттықтады», – делінген ресми ақпаратта.
«Әділ ойын үшін» (Fair Play) сыйлығын Халықаралық әділ ойын комитеті (CIFP) мен Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) бірлесіп тағайындайды. Бұл марапат Илья Малининге әлем бойынша жанкүйерлерден рекордтық дауыс жинауы нәтижесінде табысталды.
«Михаилді құттықтау нәтижеге емес, спортшылар ретінде жүріп өткен ортақ жолға байланысты болды. Дүние жүзіндегі жанкүйерлердің осы сәтте қолдау көрсеткенін білу мен үшін кез келген медальдан маңыздырақ», – деп пікір білдірді Малинин марапаты жөнінде.
21 жастағы Илья Малинин 2026 жылғы Олимпиада ойындарының басты фавориті саналған еді. Ол қысқа бағдарламадан кейін көш бастап тұрған. Алайда еркін бағдарламада бірнеше қателік жіберіп, құлап, нәтижесінде тек сегізінші орынға тұрақтады.