7 Ақпан 16:16
...

«Қатаң бақылауға алу керек»: МӘМС мәселесі туралы Президент не деді?

Президент
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саладағы шешімін таппаған мәселелерге тоқталды. Әсіресе, әлі күнге халықтың көңілінен шықпайтын денсаулық сақтау жүйесі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) қатаң бақылауға алуды тапсырды.

– Қазір мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлініп жатыр. Соңғы жылдары әлеуметтік саладағы инфрақұрылымды дамыту үшін біраз жұмыс атқарылды. Әлеуметтік сала мамандарының, әсіресе педагогтер мен медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға баса мән берілді. Енді азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту қажет, – дегенді Мемлекет басшысы қадап айтты.

президент
Ақорданың баспасөз қызметі

МӘМС жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Осы уақыт ішінде бұл саланың бюджеті 2 есе артқан. Ал биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда, медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды дей алмаймыз.

– Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет. Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек, – деді Президент.

Вице-премьер
Фото: ғаламтордан

Айтпақшы, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова МӘМС туралы айта келе, бұл жүйеде түйткіл көп екенін мойындағандай болды. Ол бүгінде МӘМС «ақша клиентте» қағидатын қамтамасыз ететін жалғыз жүйе екенін тілге тиек ете келе: «Егер бұл дұрыс қойылса, әрбір аурухана, әрбір емхана ақша табуға және сапалы қызмет көрсетуге мүдделі болуы керек. Халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін бізге бұл жүйені өзгерту керек. Механизм әлі де пысықталады», – деді.

                                       «9-20-25»: жылына 8 мың отбасы үйлі болады

«9-20-25» жаңа ипотека бағдарламасы 1 наурызда іске қосылады. Жоба «Отбасы Банкімен» бірлесіп жүзеге асады. «Отбасы банкі» бағдарлама талаптарын айтты.

Ипотека
Фото: ғаламтордан

– Бағдарламаға қатысушы жаңадан салынып жатқан тұрғын үйді, жеке құрылыс салушылардан сатып ала алады. Жоба нарықтық қаржыландыру арқылы жүргізіледі. Бюджет қаражаты пайдаланылмайды, – деп хабарлады Банк.

«Отбасы банкі» жыл сайын 150 миллиард теңге көлемінде бюджеттен тыс ресурстар тартуды жоспарлап отыр, бұл жылына қосымша 8 мың отбасын баспанамен қамтамасыз етеді. Бағдарламаға қатысу рәсімінің барынша ашық болуы үшін қарыз алушының келісімімен «Отбасы банкінің» интернет-ресурстарында несие алғандардың тізімдерін жариялау жоспарлануда.

Сөз соңында Президент Үкіметке, әкімдерге және «Самұрық-Қазына» қорына «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларын жүзеге асыруға кедергі болып отырған барлық мәселені дереу шешуді тапсырды.

Тоқаев
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

– Экономикаға жаңа серпін беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен, инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Мемлекеттік аппарат барынша тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі керек. Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді доғару қажет. Осындай жағымсыз үдерістердің кесірінен жұрттың реформаға және Әділетті Қазақстанға деген сенімі азаяды. Жоғарыдан тапсырма берілгенін, азаматтардан арыз түскенін немесе жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп отырмау керек. Бастама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажет. Қазір Үкімет айрықша құзыретке ие болды. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек. Шұғыл түрде тиісті шешімдерді қабылдау қажет, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Серік ТҰРСЫН, Швейцариядағы қазақ дәрігері:

Дәрігер
Фото: ғаламтордан

                                        Бәсеке жоқ болса, сапа да жақсармайды

– Бүкіл Қазақстан бойынша бір ғана монополия. Қазақстанда 20 млн халық тұрады. Швейцариямен салыстырсақ, екі есе көп. Мұндағы 8,4 млн халық үшін 64 медициналық сақтандыру бар. Олар бір-бірімен бәсеке. Олар халыққа қалай көмектесуді, шығынын төлеуді ойлайды. Сапалы қызмет көрсетіп, шығынын төлеген сайын оларға баратын адам да көп болады. Яғни, Швейцарияда медицинаға кеткен шығынды сақтандыру төлейді. Сіз қалтаңыздан бір тиын шығармайсыз.

Германиямен салыстырсақ, оларда да солай. Бірақ екі елдікі екі түрлі. Айталық, Германияда отағасы ғана жұмыс істеп, әйелі үш баламен үйде жұмыссыз отырса, отағасының тапқан еңбегінің белгілі бір пайызы медициналық сақтандыруға кетеді. Сол бойынша медициналық мекемеге өзі, әйелі мен үш баласы тегін қаралады. Ал күйеуі мен әйелі де жұмыс істесе, балаларын аттарына бөліп тіркейді. Швейцарияға келсек, әр адам жалақы көлеміне қарамай бір соманы төлейді.

Қазақстанда мұндай жоқ. Отбасы мүшелері бас басына бөлек тіркеледі. Қазақстан әлгінде мен айтқан екі елдің тәжірибесін қосып жіберді. Бұл халықтан ақшаны көбірек алу әдісі. Кәдімгі монополияға айналдырып алды да, ешкімнің шығынын төлеп жатқан жоқ.

Үнемі айтып келемін, Қазақстанға да 60 шақты МӘМС керек. Олар бәсекеде жұмыс істеуі керек. МӘМС деген – халықтың көмегі. Негізгі ақша бюджеттен түседі. Бюджетсіз медицина жүрмейді. Бар жерде солай.