Мамин Шымкент қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында қаланы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Алматы, NEGE. Шымкентті дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру туралы, әлеуметтік-экономикалық жағдай, инфрақұрылымдық құрылыс, электрмен және газбен жабдықтау, сондай-ақ, қаланың 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін алуы аясында іс-шараларды өткізуге дайындығы туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов және энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов баяндады.
«Биыл Шымкент ТМД-ның мәдени астанасы болып жарияланады. Осы жылдың ресми ашылуына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысады деп жоспарланған», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін уақытылы шешудің, сондай-ақ ТМД-ның мәдени астанасы жылы аясында жоспарланған барлық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Премьер-Министр ұзақ жылдардан бері жұмысы тоқтап қалған тігін және жіп иіру тоқыма фабрикаларына барып, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-ның оларды іске қосу және Қазақстанның тоқыма кластерін одан әрі дамыту жобаларымен танысты. Кәсіпорындарды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұл 800-ге жуық жаңа жұмыс орны мен Қазақстанда өңделетін мақта көлемінің екі есе өсімін қамтамасыз етеді

Үкімет басшысы археологиялық қазбалар кезінде табылған «Шымкент қалашығы» (Цитадель) реставрациялау және музейлендіру жобасының іске асырылу барысын тексерді. Мұнда ежелгі дәуір музейі, галерея, амфитеатр салынатын болады. Жобаның тарихи құндылығы зор және ол Шымкенттің тартымды туристік нысанына айналады.
Өңірдің туристік әлеуетін дамыту аясында А. Мамин сонымен қатар Шымкент қаласынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Түркістан облысы Төле би ауданындағы Қасқасу шатқалына барып, «Қасқасу» туристік рекреация кешенінің жобасымен танысты.