25 Тамыз 13:20
...

Максим Казначеев: Қазақстан енді Еуропаға тек қана Байқоңырдан ұшқан зымыранмен бара алады

Фото:
­­

Қазақстандық саясаттанушы Максим Казначеев Қазақстанның геосаяси тұрғыдан қоршауда қалғанын мәлімдеді. Оның мәлімдеуінше, әлемдік нарыққа шығатын бейтарап жол қалмады. Бұған Иранның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына кіруі түрткі болмақ.

«Бұл мәселе бір айдан кейін қыркүйек айының ортасында жабылады. Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммиті кезінде Иран осы ұйымға кірмек. Ал Әзербайжан мен Армения бақылаушы мәртебесін алуы тиіс. Осылайша, Қазақстанның айналасында геосаяси бедер тұйықтала түседі. Ғайыптан тайып, Қазақстанның билігіне  батысшыл, либералды элита келген күннің өзінде, олардың ШЫҰ елдерінің аумағын айналып өтіп, батыс нарығына шығуға мүмкіндік беретін логистикасы болмайды», ­­­­- дейді сарапшы.

Максим Казначеевтің сөзіне қарағанда, жаңа билік қалаған сөзін айта алады. Бірақ қандай да бір нақты қадам жасайтын болса, ШЫҰ элиталары мұны біржақты қабылдайды. Мұның экономикалық және басқа да салдары өте ауыр болмақ.

«Иранның ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі болатыны айдан анық. Сондықтан Қазақстанның құрлық арқылы әлемдік мұхитқа шығатын басқа жолы қалмайды. Әзербайжан бақылаушы мәртебесін алса, онда мәселе түбегейлі жабылады. Онда тек қана Байқоңыр арқылы ұшу ғана қалады», - дейді саясаттанушы.

NEGE тілшісіне осы турасында түсініктеме берген саясаткер Дос Көшім бұл пікірге мүлде қосылмайды. Өйткені, қазіргі жаһандану заманында нарықтың араласуын ештеңе де тоқтата алмайды.

«Әлем өзгерді. Қазір Кеңес кезіндегідей темір шымылдықты ешкім қоя алмайды. Қырғи-қабақтық, оқшаулану болмайды. Рас, АҚШ пен Иран немесе Батыс пен Қытай арасында бәсекелестік бар. Бұған қарамастан, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда тамаша деңгейде. Қазіргі заманда бірінсіз бірінің күні жоқ.

Керек десеңіз, Батыс Ресейдің газы мен мұнайынан бас таруға қиналып отыр. Қазақстан оқшауланып қалады дегенге сенбеймін», - дейді Дос Көшім.  

Тегтер: