Майра Мұхамедқызы «Дон Карлос» операсында өнер көрсетеді
19 ақпан күні елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына Дж.Вердидің ғаламат «Дон Карлос» операсы ұсынылады. Алғаш рет патшайым Елизавета Валуаның басты партиясында «Астана Опера» Үлкен зал сахнасына театрдың әйгілі жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы шығады, деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.
Алматы, NEGE. «Елизавета партиясында вокал да, актерлік шеберлік те күрделі. Патшайым болған қандай? Яғни, бұл сымбаттылықты, қимыл-қозғалыстың айрықша икемділігін, кербездігін қажет етеді. Елизавета жас, ақылды, өктем жан, көрермен менің патшайым екеніме сенетіндей етіп бейнені жасауым керек. Осы партияға дейін менің репертуарымда тек ғашық немесе қаза болатын қыздар ғана болды. Қазір өз бейнемді іздеудемін. Ол не туралы ойлайтынын, оның қандай сезімде болғанын түсінгім келеді. Елизавета - азап шегуші әйел - Дон Карлосты жан-тәнімен сүйеді, бірақ патшаның алдында өзінің адалдығын, ар-намысын сақтайды. Дайындық жасап жүріп, мен олардың өмірі қандай қиын болған деп ойланамын. Мысалы, бүкіл әлем Филипп патшаның аяғының астында, бірақ оны ешкім жақсы көрмегендіктен, ол азап шегеді. Осындай сәттерде мен өзімді бақытты опера әншісі санаймын. Себебі әртүрлі кейіпкерлердің тағдырын бастан өткізіп, қайта өзімнің қалпыма келе аламын», - деді Майра Мұхамедқызы.
Фридрих Шиллердің аттас драмасы бойынша либреттосын Жозеф Мери мен Камиль дю Локль жазған. Әлемдік премьерасы 1867 жылы 11 наурызда Парижде көрерменге ұсынылды, ал «Астана Операдағы» қойылым премьерасы жетінші театр маусымы аясында 2019 жылдың қазан айында өтті.