«Майдангер-масалар» мен «мутант-үйректер». Украинаның құпия қаруы туралы миф қайдан шықты?
біз абсурдқа жатқызатын ең бір сорақысына: АҚШ-тың бақылауымен жасалған Украинаның құпия биологиялық қаруы туралы мифке кезек береміз.
Ресей Федерациясының бірінші билеуші тұлғалары мен БАҚ өкілдері қорқынышты бацилла жұқтырған украиндық «майдангер үйректер» туралы, Украинада арнайы өсірілген «мутант-құстар» мен «генетикалық модификацияланған (түрлендірілген) масалар» туралы өтірікті шындай етіп айтады.
Зарарлы құстар және жаналғыш масалар
Режиссер әрі «Оскар» сыйлығының иегері Никита Михалков жүргізетін «Бесогон» бағдарламасының бейнелік үзіндісінен бастайық. Бағдарлама ресейліктер арасында өте танымал, сондықтан оның сөзіне миллиондаған адам құлақ асады.
Н.Михалков.
Бейнежазбада Михалков «Украина орыстарды ұлт ретінде жойып жіберу үшін жыл сайынғы ұшу жолын ескере отырып, жыл құстарын зарарландыру арқылы фашистік әдістерді қолданып жатыр» деп мәлімдейді.
Өкінішке қарай, мұндай надандық танытқан жалғыз режиссер ғана емес. Ресейде федералдық арналардың миллиондаған аудиториясы американдық ақырзаман туралы хоррор (басты міндеті – көрерменнің жанын түршіктіру арқылы қорқыныш ауанын орнықтыру саналатын көркем жанрдағы туындылар) көрінісіндей фантастикалық әңгімелермен әлі күнге дейін сусындап отыр. Оған бірнеше мысал келтірейік.
«Орыстардың генетикалық кодына сәйкестендіру үшін украиндық генетикалық материал пайдаланылуда», – дейді «Россия 24» арнасындағы бағдарламаларының бірінде жүргізуші әрі насихатшы Дмитрий Киселев.
Д.Киселев.
Дәл осы сюжетте Ресей Қарулы Күштерінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс күштерінің бастығы Игорь Кирилловтың сұхбаты да бар. Ол «обадан әлдеқайда қорқынышты ақпаратты» жайып салады:
«Украинадағы американдық зертханаларда өлім сепкіш қоздырғыштармен (патогендермен) жұмыс істеген. Аса қатерлі вирустарды таратушы ретінде жыл құстарын пайдалану мүмкіндігімен бүкіл бір бөлім айналысты. Мысалы, вирустарды зор қашықтыққа тасымалдай алатын үйректер пайдаланылған. Картада олардың ұшу жолдары көрсетілген және дәл біздің бағытта ұшатын екі түріне айрықша назар аударылды... ».
И.Кириллов.
Бұл жерде біз Ресей Федерациясына ұшып бара жатып транзиттік елдерде тұрақтап қалмауы және Ресеймен шекараласатын Қазақстан өңірлеріне байқаусызда ұшып кірмеуі үшін құстармен қалай тіл табысты екен деген проблеманың басын ашуды осы репортажда көздемегенімізді айта кеткен жөн.
Мұндай шылғи өтірік ғылыми тұжырымдардың мүлдем қисынсыздығы кез-келген саналы адамға түсінікті жайт, өйткені, дүние жүзінің сарапшылары ғылым мен техниканың дәл қазіргі даму деңгейінде этностарды іріктей құртуға бағытталған генетикалық қару жасап шығару тіпті теориялық тұрғыдан да мүмкін емес екенін бір ауыздан мәлімдейді.
Оның үстіне, егер ғылым саласы келешекте мұндай қадамға жақындай қалған күннің өзінде де, этносаралық некелесулердің салдарынан ұлттардың жаппай араласуы және жаһандану нәтижесінде нәсілдік айырмашылықтардың жойылуы секілді шешімі табылмайтын су жаңа тауқыметке тап келгелі отыр.
Сондықтан дәл қазір жаппай қырып-жоятын биологиялық қаруды пайдаланудың әскери мәні қалған жоқ, өйткені ол ұлттардың арасынан өзінікі мен бөтенді, бейбіт тұрғындар мен қарсыластың әскерлерін әсте ажырата алмайды.
Михалков пен Киселевті былай қойып, РФ президенті Владимир Путиннің өзін қоса алғанда, Ресейдің билеуші элитасы да осындай көзқарасты ұстанып, көп жылдар бойы айтып келеді.
Атап айтқанда, 2018 жылы «Валдай» клубының отырысында Владимир Путин Батыстың орыс ұлтына қарсы генетикалық қару жасау мүмкіндігін тағы да бір мәрте мәлімдеді:
«Бұл әзірлемелер өте қауіпті және генетика саласындағы соңғы жетістіктермен байланысты. Менің байқағаным, белгілі бір ұлтқа жататын адамға әсер ететін кейбір дәрілер (препараттар) анықталған».
В.Путин.
Мемлекет басшысының сөзіне керісінше, Ресейдің ең беделді ғалымдары, Ресей Ғылым академиясының генетиктері мұндай биологиялық қаруды жасау мүмкін еместігін кейінгі бірнеше жыл бойы түсіндіріп келеді.
Ресей Ғылым академиясының сарапшыларынан құралған комиссия тіпті бұл мифтің орынсыздығын ғылыми негізде дәлелдеп, арнайы қорытынды да жасады. Қорытынды Ресей ғылым академиясының ресми басылымында «Ғылымды қорғау» деген атаумен жарияланды: сілтеме және сілтеме.
Ал Мәскеу мемлекеттік университетінің биология факультетінің мыңнан астам түлегі ашық хатқа қол қойып, Change порталында петиция жариялауға бастамашы болды, онда ресейлік мемлекеттік БАҚ-тан Украинада шығарылды-мыс делінген генетикалық биологиялық қару туралы жалған ақпаратты халыққа таратуды тоқтату талап етілді.
Алайда, өкінішке қарай, академиялық қоғамдастықтың мұндай пікірі телевидение мен БАҚ-ты жаулап алған сауатсыз әрі адам сенгісіз қорқыту ақпараттарының батпағына тез батып кетті.
Өз кезегінде «Форбс» басылымы Ресей ғылым академиясының Жалпы генетика институтының геномдық география зертханасының меңгерушісі, профессор Олег Балановскийдің түсініктемесін келтіреді:
«Генетикалық қару — қиял дүниесі. Бірақ идеяның өзі ғажап: бір ұлт өкілдерінде бар, бірақ басқа ұлттарда жоқ геномның ерекшелігін (маркер деп аталады) алып, нысана ретінде пайдаланамыз, тек осындай нысанаға алған адамдарға ғана жұғатын вирус жасаймыз. Бірақ осындай маркер жоқтықтан, идея мүлдем жүзеге аспайды. Бұрын біз, халықтардың генетикасы бойынша мамандар, мұны теориялық түрде болжаған едік. Бірақ қазір әртүрлі халықтардың геномдарын толық ашқаннан кейін, іс жүзінде геномымыздың үш миллиард «әріпінің» бірде-біреуі осындай генетикалық нысана ретіндегі қасиеттерге ие емес екеніне көз жеткіздік».
Тағы бір белгілі ресейлік ғалым, профессор, биология ғылымдарының докторы және Ақпарат беру проблемалары институтының жетекшісі Михаил Гельфанд былай деп толықтырады:
«Генетикалық қару деген атымен жоқ. Мен биологиямен айналысып жүрген уақыттың бәрінде генетикалық қару туралы ертегі көп айтылды. Бұл ретте мұндай әңгімелердің бәрі әрқашан әскерилерге жақын топтардың арасынан шығатын.
Негізінде, болашақта бір күні өте қымбат әрі өте қиын жолмен гипотетикалық түрде кейінгі екі мың жыл бойы ешкіммен араласпаған әлдебір өте шағын, жабық этносқа (Мұхитттар әлеміндегі жойылуға жақын арал тұрғындарына) қарсы бағытталған бактериологиялық қару жасау мүмкіндігі туа жатар. Бірақ славяндар мұндай этносқа мүлдем жатпайды.
Сондықтан, талқылап жататын дәнеңе де жоқ: бұл кейбір мүлдем санасыз адамдар таратып жүрген барып тұрған надандық».
Осы уақытта Ресейдің ресми тұлғаларының ессіздік деңгейі асқына түсуде. Бұған дәлел - Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Василий Небензяның 2022 жылдың қазан айында сөйлеген сөзінде, ресейлік сарбаздар Украинада «қауіпті вирус жұқтырған масаларды тарататын американдық ұшқышсыз ұшатын аппараттарды тапқанын» мәлімдеуі болмақ.
Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак бұған былай деп жауап берді: «Майдангер масалар, лас бомбалар... Мұндай науқастарды емдеу тым кеш. Біз оларды Ресей деп аталатын палатаға қайтарып, оқшаулауымыз керек».
«Құпия» зертханалар
Дегенмен, соғыстың бастапқы кезеңінде қастандық теориясын жақтаушыларда Украинада «құпия» зертханалардың бар екендігі туралы дәлелдер болғанға ұқсайды.
Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі зарарлы (патогенді) микроорганизмдерді шұғыл жою туралы нұсқаулар мен олардың жойылғаны туралы актілері бар Украина Денсаулық сақтау министрлігінің құжаттарын жариялады.
Әңгіме екі мемлекеттік ұйым – Украина Денсаулық сақтау министрлігінің ауруларды бақылау және алдын алу бойынша Харьков және Полтава облыстық орталықтары туралы болды. Ресейде дәл осы орталықтар құпия биозертханалар деп аталды, ал құжаттар украиндықтардың «дәлелдемелерді жоюы» ретінде ұсынылды.
Шындығында, форс-мажорлық жағдайда қоздырғыштарды жою логикасы өте айқын және ішкі қауіпсіздіктің басты қағидаттарына қамтылады. Ресей әскерлері соғыстың алғашқы күндерінде Харьков шетіне бірден келіп жетті, қала күн сайын жаппай бомбалауға ұшырады және мұндай нысанға снаряд түссе немесе қауіпті қоздырғыштармен жұмыс істеу бойынша арнайы дағды мен білім игермеген ресейлік әскерлер зертхананы басып алса не болатынын елестетудің өзі қорқынышты еді.
Майдан шебіндегі Харьковпен іргелес жатқан облыс орталығы - Полтава дәрігерлері де осындай ойды басшылыққа алған болатын.
Алайда, зертханалар туралы ақпарат Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа қатты әсер еткені соншалық, ол бірден байбалам отын одан бетер өршітіп, былай деп мәлімдеді:
«Олардың қаруды қолданып үлгергеніне қатысты менде ешқандай дерек жоқ, бірақ бұл сөзсіз бейбіт сынақтар емес, биологиялық қару жасауға бағытталған сынақтар және, былайша айтқанда, белгілі бір этносқа бағытталған биологиялық қару жасауға бағытталған сынақтар екеніне ешбір күмән жоқ».
Бұған жауап ретінде Украина Сыртқы істер министрлігі де, президент Зеленскийдің кеңсесі де, ең бастысы, әлемдік қауымдастық Ресейдің Украинада биологиялық қару жасалуы туралы мәлімдемесін жалған ақпарат және арандатушылық деп атады. Олар Донбасс өңірінде болған геноцид туралы айыптаулардан кейін ресейлік жалған ақпарат таратушы машина құпия биологиялық қару тақырыбына қарай ойысты.
Сонымен қатар, Украинаның Денсаулық сақтау министрлігі елде американдық зертханалардың жоқтығы туралы ресми ақпарат таратты.
Дегенмен, әділеттілік үшін, әлемнің кез-келген дамыған еліндегі сияқты, Украинада шынымен де биологиялық зерттеу орталықтары бар екенін айта кетелік. Бірақ қару-жарақ шығаратын зертханалар емес, қатерлі дерт қоздырғыштарының таралуын зерттеу және мониторинг жүргізу ұйымдары.
Украин мамандары жойған «патогенді микроорганизмдерге» келетін болсақ, олардың ұзын-сонар тізімін қарапайым адам үшін қабылдау қиынға соғатыны рас. Дегенмен, кез-келген азды-көпті білімі бар, төмен деңгейлі зертхана қызметкерінің өзі оның биологиялық қарудан алшақтығын оңай түсінеді.
Бұл жерде әрбір елде, соның ішінде Ресей Федерациясының өзінде көптеген зертханаларда сақталатын қарапайым бактерия штаммдары туралы әңгіме болып отыр.
Онда, мысалы, стафилококк, ішек және дифтерия таяқшалары, сальмонеллез және басқа да көптеген қарапайым және кең таралған бактериялық аурулардың қоздырғыштары бар. Сонымен қатар, биологиялық қару жасауға жарамды бірде-бір вирустық культура жоқ.
Оның үстіне, ядролық қару таратпау саласындағы секілді, әлемдік қауымдастық биологиялық қару жасалуы ықтимал ошақтарды жіті қадағалап отыр.
БҰҰ-на мүше елдердің барлығы Биологиялық қаруға тыйым салу туралы конвенцияға қол қойған, сондықтан ахуал халықаралық жоғарғы деңгейде бақылануда. Әсіресе жақындағы Қытайдың провинциялық қаласында пайда болған COVID-19 пандемиясының тәжірибесі індеттің жер шарының кез-келген түкпіріне қаншалықты тез таралатынын айқын көрсетіп берді.
Алайда, 2022 жылғы ашық мәліметтерге сәйкес, Украинада (Ресей мен Қытайдан айырмашылығы) жоғары биологиялық қауіпті BSL зертханалары жоқ және бұрын-соңды болмаған.
Осының бәріне қарамастан, ішкі аудитория үшін жалған және қорқыныш тудыратын ақпарат таратуды доғармаған ресейлік үгіт-насихат әлемдік қауымдастықтың бірде-бір дәлеліне қыңқ демегенін мойындауымыз керек. Және, өкінішке орай, көрермендер мен оқырмандар арасында мұндай шылғи өтірікті қолдаушылардың да аз еместігі анықталды.
Шынында да, егер коронавирус 5G мұнаралары арқылы таралады дегенге бірнеше миллион адам сеніп отырса, Ресейге қатер төндірген жауынгерлік бақалар туралы ақпаратқа неге сенбеске?!
Мақала АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссияның қолдауымен шағын БАҚ гранттар бағдарламасы аясында жарияланды. Оның мазмұнына авторлар жауапты. Материалдар АҚШ үкіметінің немесе Қазақстан Республикасындағы АҚШ миссиясының көзқарасын білдірмейді.
Жоба туралы
Ресейдің Украинада кең ауқымды соғыс бастағанына бір жылдан астам уақыт болды. Бірақ украин тақырыбына қатысты жалған насихаттық ақпаратты Ресей бұдан әлдеқайда ертерек тарата бастаған. Интернетте «Горловка Мадоннасы» («горловская Мадонна»), Украинадағы биологиялық зертханалар, Ресейді айнала қоршаған «НАТО әскерлері» және басқа да осындай көптеген жалған ақпараттар мен қолдан жасалған бейнематериалдар бірнеше жылдан бері таралуда.
Өкініштісі, қазақстандықтар арасында осыған сенетіндер аз емес және арнайы операцияны Ресей бірінші бастамағанда, Украина шабуылға кірісетін еді деп кәмілсіз иланады. Өкінішке қарай, мұндай қазақстандықтар мыңдап саналады. Ресейдің Украинадағы «арнайы операциясын» әлі күнге ресейлік нарратив негізінде қабылдайтындарға, Киевті нацистер жаулап алды, Ресей армиясы тек әскери нысандарға ғана шабуыл жасайды деп санайтын отандастарымыз және осы тақырыпта жазатын журналистер мен редакциялар үшін біз фейктерді әшкерелейтін жеті мақала дайындадық.
Бұл «Украинадағы соғыс: фейктерді әшкерелеу» атты топтаманың бесінші мақаласы.
1. «Донбасс 8 жыл бойы бомбаланды». Ол жерде соғысты нақты кім және не үшін бастады»
2. «Буча туралы фейктер». Бұл қалада ақиқатында не болды?»
3. «Ресей шабуылдың алдын алу үшін УКРАИНАҒА соққы жасады» деген миф қалай жоққа шықты?»
4. «Нацистік Украина» туралы миф»
Жобаға қатысқан журналистер: Назира Дәрімбет, Оксана Макушина, Владимир Радионов, Александр Закладный.