Майамиде қатаң карантин жарияланды
Коронавирустың кесірінен әлемдік туризм саласы тұралап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24». Жақында ғана шекарасын жарыса ашқан мемлекеттер қайтадан елдерін оқшаулауға кірісті.
Алматы, NEGE. Тіпті індеттің жайылғаны соншалық, кей елдер жұрт ағылған жағажайларды жабуға мәжбүр. АҚШ-та індетті жұқтырғандар саны 3 млн-нан асты. Ал әлем туристерінің сүйікті демалыс орны Майамиде қатаң карантин жарияланды. Тіпті штат мэрлері шектеуді бұзғандарға жаза тағайындап қойған. Алғашында тек айыппұл салынады. Ол 100 доллардан басталатын айыппұл мөлшері 1000-ға дейін жетеді. Карантин аяқтала салысымен шуақты Майамиге туристер қуана-қуана ағылған еді. Апта бойы ойын-сауық үзілмейтін думанды қаланың бұл қуанышы шамамен тек екі айға созылды. Бүгіннен бастап мұнда қайта шектеу шаралары енгізілді. Флорида штатының жүрегі саналатын Майамиде мейрамхана, спорт залдары, фитнес орталықтары жұмысын тоқтатты. Өйткені коронавирустың таралуы қайтадан өрши бастады. Әсіресе, шілденің 4-і, АҚШ-тың тәуелсіздігі күнінен кейін жағдай тіпті ушығып кетті. Мұндағы ауруханада бос орын қалмаған.