«Маған лақтыр!» – Тарканның кеші қалай өтті?
Тыңдарманды тағатсыздана күттірген Таркан Алматыға келіп, үлкен кеш берді. NEGE тілшісі шоу-концерттің куәгері болды.
Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени ынтымақтастықты арттыру мақсатында қолға алынан жобаны әлемдік әншілердің концертін өткізіп жүрген Soldout компаниясы ұйымдастырған. Бұған дейін Республика сарайына табан тіреп келген әнші бұл жолы Алматы арена сахнасында шырқауды жөн көріпті. Шақырған той-думанға да уақытылы бармайтын біздің көрермендер көшедегі тығынға тірелді ме, концертке кештетіп жиналды. Соған орай әншіге кешті межелі мезеттен кейін бастауға тура келді.
Тыңдарманның үздіксіз қошеметімен сахна төріне көтерілген Таркан кештің шымылдығын Yolla әнімен ашты. Елуді еңсерген өнер иесі қасына қосалқы бишілер ертпеген, жиналған жұртты бір өзі ырғақты әнге тербеле билеп елітті.
Бір қызығы, елімізге араға он жыл салып оралып отырған өнер иесі әдеттегі әншілердей емес, тілшілермен тілдесуді құп көрмеді. Соған қарағанда, жеке өмірін жасырын ұстайды деп топшыладық.
Жалындаған жас шағында Тарканның хитке айналған әндерімен талай думанды кешті өткерген замандастары Dudu, Bu gece, Çok ağladım, Kuzu Kuzu сынды тректері шырқалғанда эмоцияға ерік берді. Бірі бар дауысымен қосыла шырқаса, ендібіреулер би алаңының шаңын шығарды.
Абырой болғанда, бұл жолы қыз-келіншектер қатары Бурак Озвичитке жүгіргендей, Тарканға тұра ұмтылмады.
Бірақ ән айтып тұрған сәтте терісін сүртіп лақтырған бет орамалдарына таласа-тармаса тұра жүгірумен болды. Жанды дауыста өнер көрсеткен хитменді тыңдармандар сахнадан жібергісі келмеді ме, жарық сөнсе де тарқамастан, тікесінен тік тұрып қошемет көрсетті.
Айта кетейік, Түркияда «Поп-Музыканың ханзадасы атанған Таркан Теветолудың дебюттік альбомы 1992 жылы «Yine Sensiz» деген атпен шықты. Ол дәстүрлі түрік музыкасына батыс стилдерін енгізу арқылы танымал болды.