Мәдина ОСПАННЫҢ күйеуі өзінен кіші екені рас па? – АКТРИСАНЫҢ өзі жауап берді
СПАН жайлы айтылатын әңгіме аз емес. Кейбір рөлдеріне қарап біреулер «жеңілтек» дескен, енді бірде «жап-жас жігітке тұрмысқа шығыпты» деп гулетті.
Тілшіміз актрисамен тілдесіп, оқырманға талант иесінің табиғатын танытуға тырысты.
– «Ұялам, но үй алам» фильмінің түсірілімі аяқталды. Кинода қандай кейіпкерді ойнайсыз?
– Мен онда Айжан атты көпбалалы ананы ойнаймын. Фильмнің аты айтып тұрғандай, коғамдағы баспанасыз қазақтың мәселесі суреттеледі. Бұдан арғы қызықты, бұйырса, қаңтар айында тұсаукесер барысында көретін боласыздар.
– «Назар аудар» театрының кезекті қойылымына түскеніңізге қарағанда, жігіттерге сізбен творчестволық тандем орнату ұнап қалған сияқты ғой...
– Менің театрмен серіктестік орнатқаныма бірнеше жыл болды. Неге десеңіз, маған ондағы жігіттердің шығармашылығы ұнайды. Мысалы, «Маған назар аудар» фильмінде қоғамдағы әйелдердің жанайқайы жақсы көрініс табады.
Негізі ажырасу деген мәселеге кинода көрсетілгендей, ерлі-зайыптылардың бір-біріне көңіл аудармауы себеп болатындай. Қарап отырсаңыз, бір дастарханда отырып, әрқайсысы телефоннан бас алмай отыратындар бар. Ортақ әңгіме, ортақ шешім жоқ. Мұның ақыры жанұядағы жанжалға алып келуі әбден мүмкін.
Жекеме де талай қыз-келіншектер шығып, осы тұрғыда сырларын ақтарып жатады. Біздің қоғам сыртқа тамаша болып көрінгенімен, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі өршіп тұр. Қаншама әйел өксікпен күн кешіп жүр.
– Экранда көбінесе күйеуіне тыныштық бермейтін күйгелек әйел бейнесінде көрінесіз. Бұл образ сіздің табиғи мінезіңізге жақын емес пе?
– Жоқ, мен керісінше, өмірде өте сабырлы адаммын. Тіпті маған ешқашан психологқа барудың да қажеті жоқ па деймін. Себебі ішкі эмоциямды театрдың сахнасы мен түсірілім алаңында шығарып аламын.
– Төреғали ТӨРӘЛІНІҢ де киносында басты рөлді ойнадыңыз. Тентек әріптесіңіздің көше сыпырып жүргенін көрген соң онымен қайтып киноға түсуден тартынып қалмадыңыз ба?
– Жеке өз басыма жасаған жаманшылығы жоқ. Ал болған жағдайға байланысты пікір айтып, араласуға қақым жоқ деп ойлаймын. Мен ол кісіні өнер адамы ретінде құрметтеймін. Әншілігінен бөлек, актерлік шеберлігі де тамаша. Сондықтан алда тағы шығармашылық серіктестік орнатуға ұсыныс жасап жатса, бас тартпаймын.
– Мәдинадай сұлуды қолына қондырған азамат қай саладан?
– Ол кісі кәсіпкер. Бір отбасына бір өнер адамы да жететін болар.
– Желідегі оқырмандарыңыз күйеуіңіздің өзіңізден әлдеқандай жас көрінетінін айтып жатады. Шынымен солай ма?
– Мен жұрт ойлағандай өзімнен жас жігітке тұрмысқа шыққан жоқпын. Жұбайымның жасы менен үлкен. Бәлкім, кинода жиі ана рөлін сомдағандықтан, үлкен көрінетін болармын.
– Ұстазыңыз Асанәлі Әшімов «Мәдинаның ішкі сұлулығы мен сыртқы сұлулығы пара-пар» деген еді. Осындай бағаны арқалап жүру оңай емес болар?
– Асанәлі ағамыз біз алғаш оқуға қабылданған кезден бастап «жақсы актер болу үшін жақсы адам болуың керек» деп айтып отыратын. Осындай өресі биік тұлғаның тәлімін көріп өскендіктен бізге жүктелетін жауапкершілік те көп екені анық.
Мәселен, қандайда бір түсірілімге шақыра қалса, міндетті түрде сценариімен танысып, жақсылап саралап, сүзгіден өткізіп алуға тырысамын. Әр жерде жылтыңдап, ұстазымның атына кір келтіргім келмейді.
Әлі де ол кісіден үйренеріміз көп. Осы ретте Асанәлі ағамыздың «Алматы әуендері» мекемесіне қарасты «Жаңа ғасыр» театрында актриса болып жүрген жайым бар. Ешқандай театрға ауысқым де келмейді. Құдайға шүкір, репертуарымызда оншақты спектакль бар. Болашағымыздың жарқын екеніне сенемін.
– Қазақ театрларынан қандай әйел образы қалыс қалып жатыр. Кіршіксіз қоғамда өмір сүріп жатқан жоқпыз ғой...
– Керісінше, қазіргі театрлар заманауиланып бара жатқандықтан, түрлі образдарды көрсетіп, тәжірибе жасап жатыр. Ал нағыз қазақ әйелінің бейнесін беретін Қаракөз бен Ақбілектердің мінезі солардың тасасында жұтылып бара жатыр ма деймін. Көптеген режиссерлер де әйелдерді өзгеше етіп көрсетуге тырысады. Нәзіктіктікті еркекшора мінезбен алмастырып жіберді.
– Бір кездері той-томалақта ән айтып жүргеніңізді көзіміз шалған еді. Сізге қол емес екенін түсіндіңіз бе, қоя қойдыңыз ғой…
– Ағайын-туыс, дос-жаранның қызық-қуанышында әу деп қоятыным болмаса, арнайы тойдың соңына түскен емеспін.
– Белді театрлардың актрисалары той-томалақта сыңсу айтып қыз ұзатып жүр. Сонда сіз үшін бұл ұялатын тірлік пе?
– Қолынан келіп тұрса оның несі айып?! Себебі қазіргі қымбатшылықта театрдың айлығымен өмір сүру мүмкін емес қой.
– Әртіс болудың да әлегі көп. Күйеуіңіз дұрыс түсініп жүр ме?
– Әр саланың өзіндік машақаты болады. Осы тұрғыдан алғанда жолым үнемі айқара ашық болды дей алмаймын. Дегенмен, қиындықты өткеру өзіңнің ішкі жігеріңе байланысты. Адамдармен тез тіл табысып кеткеніммен, арада қандай да алшақтық ұстауға тырысамын. Кез келген нәрсенің шегі бар. Түсірілім біткен бойда киімімді лезде ауыстырып, бірден үйге қайтып кетемін. Артық ауыз әңгіме айтып отырғанды ұнатпаймын. Анығын айтқанда, барлығы адамның өзіне байланысты.
– Жуырда шоу-бизнестегі өзіңіздей жас келіншек тіл үйрету мақсатында баласына қыруар қаражатқа Филипиннен арнайы бала күтуші алдыратынын айтты. Сіз ұлыңызды қалай тәрбиелеп жатырсыз?
– Мен баламды отбасымда өзім алған тәлім бойынша тәрбиелеп жатырмын. Әрине, баламның өзге тілді де білгенін қалаймын. Бірақ ол үшін алыстағыны алдырмаймыз. Себебі күйеуім де, мен де үш тілде еркін сөйлейміз. Қанша жерден уақытым тығыз болса да, балама көп көңіл бөлуге тырысамын. Өйткені отбасы мен үшін алғашқы орында тұрады. Қазақы тәрбие алған бала қанша тіл білсе де қазығынан жерімейді.