29 Желтоқсан 10:48

 Тәуекел Мүсілім өзіне сенбегендер жайлы: «Кезінде сынаған адамдар қолымды алды»

Фото:

Тәуекел Мүсілім киноға келмес бұрын 7 жылдай кастинг жағалап жүргенін айтады.

Алматы, NEGE. Бүгінде танымал актерға айналған Тәуекелдің бұл саладағы жолы «Махаббатым жүрегімде» телехикаясынан басталған. Актер сол кезде өзіне сенген Баян Мақсатқызына дән риза. Десе де, осы жылдар ішінде Тәуекелді «дарынсыз актер» деп сынағандар көп болды. Актердің оларға деген көзқарасы қандай?  

«Сынға үйреніп қалдым. Әлі де мойындамайтын киносыншылар бар. "Тәуекел түр-келбетінің арқасында үлкен жобаларға өтеді» дейді. Жасырмаймын, бірінші кезекте образың кейіпкердің фактурасына келу керек. Одан кейін актерлік қабілетіңді сынайды», – дейді Тәуекел. 

Актер осы уақытқа дейін 10-нан аса кинокартинаға түсіп үлгерген. Көбінесе комедия жанрындағы фильмдерде басты рөлді сомдайды. Жақында Мүсілімді «Дударай және Маша» картинасынан көреміз. Ал актердің өзі өзге жанрда бағын сынап көргісі келеді. Мәселен, тарихи фильмге түсуді армандайды. Мақсатқа барар жолда талпынысы да жоқ емес. 

«Мүкіндік болды. Бұған дейін «Томирис» фильмінің кастингке қатыстым, бірақ өте алмадым. Әділ Ахметов өтті. Актерлік қабілетім әлсіз болғандықтан, өтпей қалдым. Дегенмен, үміт үзбеймін. Әлі біраз тарихи кинолар түсірілетініне сенімдімін», – дейді Тәуекел.

Ал Тәуекелдің жұлдызын жаққан «В поисках мамы» халықаралық жобасы. Қырғызстанмен бірігіп түсірілген фильмге актер тыңғылықты дайындалғанын айтады. 

«Кезінде сынаған, мойындамаған адамдар сол фильмнен кейін қолымды алды. «Сенен бірнәрсе шығады екен» деді. Шүкір, соның нәтижесін көріп жатырмын. Жүргізушілікке қатысты да көп сын айтылды. «Сөз саптауы дұрыс емес», т.б. Мен адам қалайтын болса, қолынан келетінін көрсеткім келді», – дейді Мүсілім. 

Тегтер: