20 Қазан 19:22

Мұқағали НЕГЕ 45 жасында қайтыс болды? Режиссер осы сұраққа жауап іздегенін айтады

Фото:

Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» фильмі 21 қазаннан бастап ұлттық прокатқа шығады. Бүгін Алматыда фильмнің алдын-ала көрсетілімі өтті. Жыр сүйер қауым естіп жүрген, кітаптан оқып жүрген Мұқағали емес, ақын көркем фильмде басқа қырынан көрсетілген. 

Мұқағали Мақатев «Поэзия! Менімен егіз бе едің?» деп жырлағасын оның атын естігеннен-ақ, ойымызға өлең оралады. Ал фильм режиссері мен сценарий авторы оны басқа қырынан танытпақ болған. Туынды оның күйбең тіршілігі мен отбасындағы оқиғалар төңірегінде өрбиді. Айтылатын сынның бәрі дәл осы сарында болмақ.

Nege.kz тілшісі режиссердің бұл шешімінің мәнін сұрап білді. 

– Болат аға, Мұқағали мен поэзия егіз. Оны «ақиық ақын» дейтініміз де сол. Көрермен Мұқағалиды поэзиясыз, поэзияны Мұқағалидың туындыларынсыз елестете алмауы мүмкін. Неге бұндай қадамға бардыңыз? 

– Сценарий жазылмас бұрын осы әңгіме төңірегінде талқы болды. Мұқағалиды білмейтін қазақ жоқ, оның өлеңін білмейтін адам жоқ. Сол себепті біз «оның поэзиясын бұл фильмге қоспаймыз» деген шешімге келдік. Егер оның поэзиясы жайлы фильм керек болып жатса, министрлік қаржы бөлсін, түсіріп беремін. Бұнда маған керек болғаны Мұқағали ағаның жаны, дүниетанымы, отбасы, сол кездегі уақыт көп жерде айтыла бермейді. Мұқағали неге 45 жасында қайтыс болды? Осы сауалға жауап іздеуге тырыстық.  Сосын, әркімнің Мұқағали ақыны бөлек. Біреу үшін ол «көңілді», тағы біреу үшін жазудан бас алмайтын іспетті. Ал менің ойымдағы Мұқағали дәл осылай болды. 

– Әлемдік кинематографияға зер салсақ, табысты туындылардың дені интригадан тұрады. Өзіңіз білесіз ғой «Қорықпаймын пышақтан да, Қорықпаймын инеден. Ине түгіл бұл жүректі найза-дағы түйреген...Құпиямды көресің ғой, мен сондықтан именем» дейді ақын. Поэзиясының өзі интрига. Ал бұл көркем фильм басқа сарында. Неге?

– Үлкен экран өлең жазып, өлең оқып тұрғанды сүймейді. Ол сериалдың табиғатына келетін шығар. Адамның философиясын, жан-дүниесін ашқанды жаныма жақын көремін. Менің стилім осы. Бірақ, сөзіңнің жаны бар. Мен мұны өткен жолы министрдің орынбасарына айттым. Министрлік ақша бөлсе, оның балалық шағынан бастап, поэзиясын қосып тағы бір фильм түсіруге болады. 

Режиссер фильм түсірілмес бұрын архив құжаттарын ақтарғанын, ол жерден құнды мәліметтер көргенін айтты. Сол заманда ақын-жазушыларға айтарлықтай қысым болғанын жеткізді.

«Сол себепті Мұқағали арқалаған ауыр жүк пен мұңның мәнін фильм арқылы жеткізгіміз келді», – дейді режиссер. 

Ақынның рөлін Махамбет Өтемісов атындағы Атырау облыстық драма театрының артисі Асланбек Жанбалаев сомдады. Фильмде Бауыржан Момышұлы, Нұрғиса Тілендиев және Фариза Оңғарсынова секілді тұлғалардың рөлін белгілі актерлар алып шыққан. 

Тегтер: