Эксклюзив! Кристин Анне Унрух: Димаштың концертіне келу үшін кредит алдым

Бүгін Нью-Йорк төрінде Димаштың шығармашылық концерті өткенін бүкіл әлем білді. Адамзаттың бағына туған жарық жұлдыздың бұл кешін көзбен көру бақыты маған да бұйырған екен. Концерт біткен соң, қызықты кейіпкерлер іздедім. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген тыңдармандардың бүгінгі концерт туралы және Димаш жайлы пікірін білгім келді. Көптің ішінен басына «Dears» деген тәж киіп, қолына Димаш бейнеленген сөмке ұстаған жүзі жылы жанға назарым түсті. Орынды мақтау айтып, бірден әңгімеге тарттым.
– Димаш менің өмірімді өзгертті. Оның ән салғанын алғаш рет екі жыл бұрын Youtube-тан көрдім. Содан кейін әндерін қайталап тыңдай бердім, тыңдай бердім. Мен оның барлық әлеуметтік парақшасына тіркелдім. Себебі ол – тұнып тұрған күш. Оның дауысының күші, энергиясы өте мықты және ол өте жақсы адам. Димаштың кез келген жанкүйері мені құптайды деп ойлаймын.
– Жаңа бір сөзіңізде Димаштың концертін көру үшін Қазақстанға келдім дедіңіз. Сол туралы айтып берсеңіз?
– Лондонда өткен концертін Youtube-тан тамашаладым. Видео соңында Димаш «Қазақстанға келіңдер!» деп шақырды. Мен үйде отырып: «Иә, міндетті түрде барамын!» деп айғайладым. Бірақ, шынымды айтсам, саяхатқа керекті ақша да, бірге баратын адам да болмады. Өзім жалғыз ұша алмайтынымды білдім де, жаныма серік іздедім және оны Түркиядан таптым. Қазір біз онымен жақсы доспыз. Ал жолға қаражатты банктен кредитке алдым. Менің оған дейін кредиттік картам болмаған.
– Cіз шынымен де Димаштың нағыз фанаты екенсіз! Кредитті Димаштың концертін көру үшін ғана алдыңыз ба?
– Иә, Қазақстанға барып, Димаштың концертін көру үшін кредит алдым. Мұнда тұрған ештеңе жоқ. Аз-аздан бөліп төлеп тастаймын. Мен ғаламға сенемін. Димаш сол ғаламның бізге жіберген ұлттар арасындағы сенім елшісі секілді. Әлемдегі әдемі құбылыстарды жақсы көруге, кез келген оқиғадан позитив алуға шақыратындай. Махаббаттың әлемдегі ең құдіретті күш екенін түсіндіруге тырысады. Менің ойымша, әрбір dears оны сезеді.
– Сіз қайдан келдіңіз? Аты-жөніңіз кім?
– Атым – Кристин Анне Унрух. Ванкувер (Канада) қаласының тұрғынымын. Жасым алпыс бесте. Бес балам, 10 немерем бар. Иә, Ванкуверде тамаша отбасым тұрады. Олардың да Димаштың жанкүйері болғанын қалаймын әрі соған күш салып жүрмін.
Шынымды айтайын, канадалық Кристин апайдай жанкүйерді бірінші рет көрдім. Димаштың концерті үшін ғана кредит алғаны сүйіндірді. Сұқбат соңында ол Қазақстанға тағы да барғысы келетінін айтты. Елде болсам, Кристин апайға ел мен жерді көрсетуге уәде бердім.
Ербол Молдажан, Нью-Йорк