Қызылордада жыраулар байқауы өтті

25 қыркүйек, 10:03
Қызылордада жыраулар байқауы өтті
Фото: google.com

Қызылордада Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы мәресіне жетті. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

Алматы, NEGE. Аталған байқау ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында болып өтті.

Байқаудың ашылу рәсімінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова көпшілікті ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, додаға қатысушы жыршыларға сәттілік тіледі.

«Біздің аймақты өзгелер «Сыр елі - жыр елі» деп атайды. Қасиетті өлкеміз талай тума таланттың бесігі болды. Көптеген дауылпаз сүлейлер шықты. Абыз Қорқыттан бастау алатын жыраулық дәстүрдің мектебін Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Нартай, Нұртуғанд қалыптастырды. Бүгінгі республикалық дәстүрлі орындаушылардың байқауы Арқа мен Батыстың, Жетісу мен Сырдың дарындарын тоғыстырып, Сыр жерінде жырдың жалауын желбіреткен күн десек қателеспейміз», - деді облыс әкімі.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде аралдық жыршы-жырау Айбек Тәңірбергеновке табысталды. Бас жүлде иегерін облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет марапаттады.

Байқауда бірінші орынға қызылордалық Серік Жақсығұлов ие болды. Ал ақтөбелік Демеубай Жолымбетов екінші орын алса,, павлодарлық Бөкен Жігер, Қызылорда қаласынан Жақсан Жәнібек және Арал ауданынан Бексұлтан Орынбасар үздікті үштікті өзара бөлісті.

Ал, қалған 7 қатысушыға ынталандыру сыйлығы бұйырды.