24 Қыркүйек 12:28

«Қызыл жебе»: Almaty телеарнасының жаңа маусымындағы төл туынды

Фото:

Әдетте телеарналарда жаңа маусымдағы жобалардың тұсаукесері күз мезгіліне дөп келеді. Кезекті жаңа маусымға тыңғылықты дайындалған Almaty телеарнасы көрермен талғамынан шығатын танымдық дүниелер ұсынбақшы.

Алматы, NEGE. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы екенін ескерсек, телеарна жобаларының бірқатары ұлық мерекемен тікелей байланысты екен. Соның бірі тәуелсіз Қазақстанның даму тарихынан сыр шертетін «Алматы: Тәуелсіздік белестері» деректі фильмі. Мұнда мемлекеттің қалыптасу жолындағы қилы кезеңдер мен тарихи мәліметтер туралы кеңірек айтылады.  Almaty телеарнасы басшысы Нұржан Жалауқызы: «30 жылдыққа арналған «Тәуелсіздік белестері» және «Эра Независимости» деп аталатын деректі фильмде егемендіктің алғашқы жылдарында еліміздің Премьер-министрі болған Терещенко мырза және оның орынбасары Мырзатай Жолдасбековтың, тарихшы Хангелді Әбжанның, Тұрсын Жұртбайдың пікірлері бар. Сол жылдары болған қиындықтарды   қалай еңсердік, еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болуы үшін қандай құжаттар қабылданды, халықтың тұрмысын жақсарту үшін қандай алғашқы қадамдар жасалды, теңгеміз қалай қабылданды деген сияқты тарихи деректің бәрі осында көрініс тапты», – деді.

Жаңа маусымда бізді елең еткізген тағы бір жаңалық – қазақ халқының ұлы перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері  Тұрар Рысқұловқа арналған «Қызыл жебе» деректі фильмі. Мемлекеттік тапсырыс аясында түсірілген 10 бөлімнен тұратын телесериал Алаш ардақтысы Тұрар Рысқұловтың өміріне арналады. «Қазақ үкіметін басқарып, Түрксібтің негізін қалаған Тұрар Рысқұловтың өмірі мен жүріп өткен жолы қаламгер Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романына арқау болғаны белгілі. Тұрар Рысқұловтың өмірі де «Қызыл жебеге» ұқсас. «Қызыл жебені» арғымақ атпен  суреттедік. Өйткені, мұның астарында бәрі бар. Біз, қазіргі ұрпақ Рысқұловтың алдында қарыздармыз. Және саналы өмірін Т. Рысқұловтың өмір жолын зерттеуге арнаған Шер-аға, Шерхан Мұртазаға деген құрметпен осы фильмді түсірдік. Бұйырса, 11 қазаннан бастаптамашалай аласыздар», – деді Нұржан Жалауқызы.  

Ал телехикаяның продюсері Ілияс Ысқақов: «Біз бұл телехикаяны толықметражды кино түсіргендей етіп түсірдік. Оның локациясы, костюмі, 1916-шы жылдардағы реконструкциясы бар. Ғимарат, түрме, паровоз, бәрі бұрынғыша. Түрксібте салынған жол да бейнеленген, оның бәрі үлкен жұмыс», – деді. 

Мұнымен қоса, тәуелсіздік жетістігін насихаттайтын жаңа жоба – «Бақыттымын өзіңмен» драмасы көрерменге жол тартады. Романтика әрі комедия элементтері көрініс табқан телехикая бір қаладағы бірнеше кейіпкердің өмірі арқылы Қазақстанның 30 жыл аралығындағы дамуын, қиын-қыстау кезеңді, махаббат пен үмітті сипаттайды.  Ал қараша айында шығатын жаңа спорттық драма «Бапкер» де Қазақстан кинематографиясы үшін тың жаңалық. Телехикая Алматының «Қайрат» футбол клубының үміт күттірген ойыншысы Ерназар Смақов жайында.

Бұдан басқа «IQ Almaty» жастарға арналған жобасы мен  әр аптаның сенбі шығатын «Алматы кеші» бағдарламасы да жақсы көңіл-күй сыйлауға дайын.

Тегтер: