Кемиек қазақтардың Габсбургтер династиясына қандай қатысы бар?

06 желтоқсан, 11:03
Кемиек қазақтардың Габсбургтер династиясына қандай қатысы бар?
Фото: bbc.com

Испан ғалымдары Еуропаның ең атақты корольдік династиясы – Габсбургтер тұқымына қатысты қызық жаңалық ашты. Би-Би-Сидің жазуынша, Габсбургтер тұқымының көпшілігі кемиек болып туылуына туыстық неке себеп болған.

Ғылымда «Габсбургтік жақ» деген бейресми атауға ие болған кемиектік король династиясындағылардың көпшілігінде кездескен. Астыңғы жағы қатты салбырап төмен түсіп тұрады да, керісінше, үстіңгі жағы дамымай қалады. Міне, осындай жақты «Габсбургтік жақ» деп атайды.

Тарихшылар әудем заманнан-ақ кемиектіктің себебін туыстық некеден іздеген. Батыс, Оңтүстік және Орталық Еуропаны иен жайлаған Габсбургтер корольдігі бір кездері аса құдыретті болғаны соншалық, Испания, Нидерланды, Германия, Италия, Чехия, Аустрия, Венгрия, Румыния және басқа да елдерге билігін өктем жүргізген.

Ал енді испан ғалымдары кемиектікке қатысты не дейді? Ғалымдар Габсбург династиясының 15 өкілінің портретін жинаған және жақ сүйегі хирургиясымен айналысатын он тәжірибелі дәрігерге сараптама жасатқан. Бұдан бөлек, ғалымдар Габсбургтердің алты мың адамының генетикалық түп-тұқиянына да үңіліпті.

Бұдан шығатын қорытынды біреу-ақ: некеге тұрған жұп туыстық жағынан қаншалықты жақын болса, ұрпағының жағы да соншалықты салбырай түскен. Айталық, кемиек габсбургтердің ең атақтысы – Испания королі Карл ІІ. Шешесі Карлды өзінің жақын ағасынан туған. Шешесінің өзі де туыстық некеден өмірге келген екен. Карлдың астыңғы жағы салбырағаны соншалық, ол әзер сөйлеп, әупіріммен ас шайнайтын болған. Габсбургтер династиясында мұндай мысалдар өте көп кездесетінін және атақты кемиектердің бәрі туыстық некеден туғанын ғалымдар осылай дәлелдеп шықты.

– Біздің зерттеуіміз тарихи деректерге негізделген. Мұндай имбридинг (туыстық неке – ред.) кейбір аймақтар мен діни топтар арасында әлі де бар. Сондықтан, мұның салдарын зерттеу аса маңызды. Габсбургтер династиясы бізге зертхана материалы іспетті, – дейді Сантьяго-де-Компостело университетінің профессоры Роман Вилас.

Қазақтар жеті атаға ерекше мән беріп, туыстық некеге қатаң тыйым салады. Сонда да кемиектік Габсбургтер династиясына ғана тән ауытқу емес, мұндайлар қазақтың арасында да кездеседі. Сонда кемиек қазақтар мен жағы салбыраған Габсбургтер арасында қандай да бір байланыс немесе «туыстық» бар ма?..

Nege.kz