Қазақстандық режиссердің фильмі халықаралық байқауға жолдама алды

Қазақстандық режиссер Шарипа Оразбаеваның «Мариям» фильмі Францияда өтіп жатқан кинофестивальдің ресми бағдарламасына іріктелді.
Халықаралық байқауға үздік деп таңдалған 84 туынды іріктелді. Олардың арасында қазақстандық «Мариям» фильмі де бар. Режиссер туындыны өз қаражатына 5 күнде түсірген.
Шарипа Оразбаева таспалаған тұңғыш толықметражды фильм өмірде болған оқиғаны арқау етеді. Картинаның сюжеттік желісінде жалғызбасты ананың өмірі баяндалады. Басты кейіпкер - Меруерт Саббусинова. Күйеуі жұмысқа шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен соң жалғыз қалған ана төрт баласын қиындықпен өзі жетілдіруге мәжбүр болады.
«Осы фильмнен кейін енді мен қуанышпен айта аламын, еліміздің Президенті ерекше ықылас танытып, осы фильмге де, Меруертке де қолдау білдірді. Мен фильмнің ең басты жетістігі осы деп ойлаймын», - дейді режиссер.
Бұл картинаны түсіруге арқау болған оқиға көрермендердің көңілін босатып қана қоймай, Мемлекет басшымыздың да назарынан тыс қалған жоқ.
Айта кетейік, фестиваль жүлдегерлері алдағы уақытта көп ұзамай белгілі болады. Алайда режиссер марапаттан гөрі бұл фильм туындының басты кейіпкеріне көмек болғаны артық дейді.