11 Қараша 17:02

Би ырғағында: Алматыда Жанна Төлендінің ерекше фотокөрмесі өтіп жатыр

Фото:

Биде ерекше тылсым сыр бар. Ол болмысыңда жатқан шынайылықты, тіпті жақыныңа да көрсетпеген ішкі сезіміңді ашады. Жарты әлемге паш етпесе де, сол сәттегі күйіңді әйгілейді. Адамдардың биден алған әсерінен бақыт құшағында тұрған мезетін көрсеткен «Танцующие»  атты ерекше фотокөрме Бәрібаев көшесіндегі №36 үйде өтті. Фотокөрменің авторы – jolda би лабораториясының жетекшісі, фотограф Жанна Төленді. 

Фотокөрмеде қойылған суреттердің туындау тарихы өте ерекше. Қарапайым көрмелердегідей күнделікті тұрмыс көрінісі бейнеленбеген. Керісінше, адамдардың барлық қым-қуытты ысырып тастап, өзі үшін өзінің ішкі сезімдеріне ерік беріп шынайы болмысын аша түскен мезеттері фотокамераның объективіне іліккен. Бұл туралы көрме авторы Жанна Төленді өзі баяндап берді. 

«Бұл жоба бойынша қатысушылар 1 сағат тоқтамастан биледі. Мен мүлдем араласпадым. Сүйікті әуеніне билеп жатқан қатысушыларды тек қана бақылаумен болдым. 1 сағаттың ішінде адам өзгере бастайды екен. Мен оны кадрларымнан байқадым. Бірінші әуеннен соң келесісі қойыла береді. Әр музыканың ырғағына қарай адамдар ашыла бастады. Олар өздерін еркін ұстап, шынайы болмыстарын көрсете түсті.

Қатысушылардың деңгейі әртүрлі. Арасында бишілермен қатар мүлдем билемейтін адамдар да бар. Жас ерекшеліктері де әртүрлі. «Танцующие» көрмесі – бұл тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта оның ауқымын кеңейткім келеді. Оны мультимедиялық үлгіде ұсынып, қатысушылар қатарын арттырғым келеді. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды, соңына дейін не болатынын білмедім. Бірінші адаммен, кейін екіншісі, сосын үшінші адамммен жұмыс істей бастаған кезде мәнін ұға түстім. Жұмысым адам болмысындағы шынайылықты ашып бергендей болды. Бұл керемет, қайталанбайтын сезім еді. Адамдардың түрі, жасы әртүрлі болғанымен сол сәтте барлығының жүзінде бірдей сезімді аңғаруға болатын еді. Бақытты кезімізде барлығымыз бірдейміз. Ал шынайы бақытты биден табуға болады. Jolda би лабораториясы да осы бағытты қолға алған», – дейді Жанна Төленді. 

Осы жобаға қатысқан Лаура Мақан да өзінің алған әсерімен бөлісті. 

«Маған көрме өте ұнады. Өзінің тартымдылығымен қызықтыра біледі. Әрбір кадр қайталанбас сәттен құралған. Ол біздің жадымызда мәңгі сақталады. Менің өзім де осы жобаның қатысушысымын. Қазір нәтижесін көріп, қуанып отырмын. Фотосуреттерге қарап, сол сәттегі эмоцияны қайтадан басымнан өткізіп жатырмын. Жаннаға осы сынды шабыт беретін жобалардың көп болуын тілеймін. Бұл түсірілімнің өзі тәжірибе болатын. Белгіленген уақыт арасында біз биледік. Кадрдағы сәттерді біз әдейі жасаған жоқпыз. Кадрдағы әрбір сәт біздің сол кездегі шынайы көңіл-күйіміз болатын. Біз тоқтамастан биледік, фотограф бізді түсірді. Ал одан не шыққанын қазір өздеріңіз де көріп отырсыздар. Қатысушылардың барлығының көзі жұмулы. Себебі ол сәтте шынайы бақытқа бөлендік. Нәтижесін көру біз үшін өте қызық болды», – дейді Лаура Мақан. 

Жұмыстардың сатылымынан жиналған қаражат Help Today қоғамдық қорына табысталады.

Естеріңізге сала кетсек, аталған қор онкологиялық ауруы бар балаларға көмектеседі. Help Today қоғамдық қорының жетекшісі Эля Алиевада жиында сөз алып, балалардың қолынан шыққан ерекше туындыны авторға сыйға тартты. 

«Smartschool мектебінде онкологиялық аурулардан емделіп жүрген балалар оқып жатыр. Олар емделіп, бір жағынан білім алады. Ең бастысы, ем кезінде сабақтан қол үзбеу болып отыр. Ол жерде жалпы білім беру пәндерін игереді. Сурет салу, робототехника, ағылшын тілі, қол өнері сынды сабақтарды тегін игере алады. Бізідің Help Today атты қайырымдылық қорымыз бар. Соның нәтижесінде, осындай үш мектеп аштық. Екі мектеп Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, үшіншісі smartschool Балалар онкологиялық орталығында ашылған. Ең басты демеушіміз Samsung компаниясы. Осы жобалардың жүруіне бастысы халық көмектеседі. Көрменің ұйымдастырушысы Жанна Төленді де бізге қол ұшын беруді ұсынды. Бұл жоба нәтижелі болатынына сенеміз. Мұның барлығы онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға арналады», – деді Эля Алиева. 

Көрме авторы Жанна Төленді қайырымдылық қорымен бірлесіп жұмыс істеуіне әкесі себепкер болғанын атап өтті. 

«Би тәжірибесі кезінде түсірілген кадрлар көрмеге лайық деп ойладым. Бұл алғашқы серпін тәрізді. Жай ғана ермек үшін түсіріле салған суреттер емес. Кадрдағы әрбір сәт би қимылдары нәтижесінде туындаған бақыттың көрінісі. Фото тәжірибеге берілген бір сағат мен үшін үлкен жаңалық болды. Өйткені, мен әрбір қатысушының «бақытты сәтінің» куәгері болдым. Биге келетін болсақ, ол бидің тылсым күші деп есептеймін. Әр күн сайын 15 минутыңызды қиып билеп көріңізші? Өміріңіздің өзгере бастағанын бірден аңғарасыз. Түр әлпетіңіз де, дене бітіміңіз де өзгереді. Адамдардың барлығы ұқсас екенін байқадым. Бұл жердегі картиналардың барлығын сатып алуға болады. Сатылған картиналардың ақшасы Help Today қайырымдылық қорына жіберіледі. Қайырымдылық қорымен бірлесіп жұмыс істеуіме әкем себепкер болды. Әкем үш жылдан бері онкологиялық ауруға шалдыққан. Емнің бірінші жылында онкологиялық ауруханаға жиі барып жүрдім. Сол кезде оның көрер көзге қорқынышты емес екенін аңғардым. Ол – өмір. Бұл жерде әкемді де суретке түсірдім. Әкемнің өмір сүруге деген құлшынысы әрбір сәтті қалай бағалау керетігін үйретті», – автор.

Тегтер: