1 Маусым 16:03

Әлемдік брендтермен жұмыс істейтін отандас

Фото:

Saya Zalel – 2000-2011 жыл аралығында «Дарынды балаларға арналған музыкалық мектепте» скрипкада оқыды. Ол талай халықаралық байқаулардың лауреаты атанған.

  Алматы, NEGE. Музыкалық мектепте 11 жыл оқығаннан кейін Сая кәсібін өзгертіп, Шотландия дизайн мектебіне түсуге шешім қабылдайды. Ол мектепті қызыл дипломмен аяқтап, университеттің құрметті түлектерінің қатарына қосылды. Бакалавриатты аяқтағаннан кейін ең үздік дизайнерлік мектептердің бірі – «The Parsons School of Design»-ға магистратураға түседі.

Магистратурада Нью-Йорктегі «New York Fashion Week» сән апталығында өз коллекциясын көрсету үшін іріктеуден өткен және Джеффри Бин стипендиясына үмітті (Американың сән дизайнерлерінің консулдары) 4 финалисттің бірі болды. Беделді марапаттау рәсіміне Раф Симонс және Марк Джейкобс сияқты сән саласындағы ең ірі атақтар қатысқан. Оқуды бітіргеннен кейін ол NYFW-18-де өзінің толық жинағын ұсынды және ол Vogue журналында жарияланды.

Саяның коллекциясы Нью-Йорктегі танымал, ықпалды адамдардың назарына ілікті. Парансон Университетінің (Парсон Дизайн мектебі) инвесторлары мен директорлары, оған маңызды кештерге киетін көйлектерге тапсырыс та берген. Одан бөлек, Саяны американдық дизайнер, сәнгер және кәсіпкер – Каролина Эррерамен, стилі ерек RnB пен әнші Рианнамен жеке таныстырған. Сондай-ақ, Саяның жұмыстары Париждегі «1 granary» компаниясы ұйымдастырған көрмеде де қойылды.

 2017 жылы Billie Eilish-тің жеке стилисімен бірігіп, танымал поп әнші Poppy-дың Калифорния штаты, Лос-Анджелс қаласында өткен «Streamy Awards» марапатына арнап, образ дайындаған. Тағы Рорру, Сая тіккен бірнеше киімде «Nylon» журналына арнап фотосессия жасаған. Сол жылы ол DIS журналы ұйымдастырған Нью-Йорктегі MoMA – Заманауи өнер музейіндегі жыл сайынғы іс-шараға қатысты. Saya Zalel киімдерін Оңтүстік Кореяның «Girls Generation» тобының танымал K-POP әншісі – Тиффани Янг та киген.

2019 жылы Сая танымал «Of Monsters And Men» тобының Америка бойынша өткен турына арнап та, образдар дайындаған. Сосын концерттің жарнамалық афишасы «MadisonSquare Garden» экрандарынан шыққан. «Gucci» сәнүйінің креативті директоры – Александр Микеллидің бас музасы – Данни Миллермен «Lady Gunn» журналы үшін коллаборация жасаған.

Netflix таспалаған танымал телехикаяның жас актрисасы – Кристина Тонтери-Янг та, Сая тіккен көйлекпен «1883» журналының мұқабасына түсіп, 2019 жылы танымал фотограф Тим Уолкермен де «W Magazine» журналы үшін бірігіп жұмыс істеген. Саяның жұмыстарына қызығушылық танытқан жаһандық жұлдыздар қатарында Solange, Justin Bieber, JheneAiko, Azealia Banks, Kimbra, Mia Pia бар.

2020 жылдың басында Саямен Amazon Prime компаниясы байланысқа шығып, Франция мен Америкада өтетін дизайнерлер ток-шоуына шақырған. Ал биыл Сая мыңнан астам адам қатысқан халықаралық әртістер байқауының жеңімпазы болды. Осы жарыстың 20 жеңімпазына пандемия кезінде әртістерге қолдау ретінде Нью-Йорк қаласының  Манхэттен ауданынан пәтерлер сыйға тартылды.

Қазіргі уақытта Сая қазақ мәдениетін бейнелейтін жаңа жинағы үшін белсенді түрде жұмыс істеп жатыр және дизайнер қазақтың дәстүрлі қолөнерін батыс әлемінде дәріптеу мақсатында Қазақстанның қолөнер шеберлерімен тығыз байланыста болуды жоспарлап отыр.

Тегтер: