ІІМ жүргізушілерге келіп жатқан айыппұлдар жөнінде түсіндірді
ІІМ тасжолдарындағы жылдамдық шектеулерін сақтамағаны үшін келетін әкімшілік айыппұлдарға қатысты азаматтардан көптеген шағым түсіп жатқанын мәлімдеді.
Астана, NEGE. Ведомство өкілдері Астана – Щучинск және Астана – Теміртау тасжолдарында орнатылған электронды ақпараттық таблоларда көрсетілетін жылдамдық шектеулері жол қозғалысы ережелеріне сәйкес заңды күшке ие екенін мәлімдеді.
«Қала сыртындағы жолдарда орнатылған ақпараттық таблолар заңнама талаптарына сай толыққанды электрондық жол белгілеріне жатады. Атап айтқанда, оларда 3.24 "Ең жоғары жылдамдықты шектеу" белгісі көрсетіледі», – делінген ІІМ хабарламасына.
Бұл таблолар тұман, көктайғақ, қатты жаңбыр кезінде, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстары немесе жол-көлік оқиғасы болған жағдайда шынайы уақыт режимінде өзекті жылдамдық шектеулерін көрсетеді. Сондықтан таблода көрсетілген талаптарды міндетті түрде сақтау қажет.
«Уақытша жылдамдық шектеулері барлық жол жүрісіне қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізіледі. Заң бұзушылықтар тәулік бойы және кез келген ауа райында жұмыс істейтін автоматты камералармен тіркеледі. Уақытша жылдамдық шектеулерін енгізудің басты мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау», – дейді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор Ақтоты Боранова.
ІІМ барлық жүргізушіні жолда жол жүру қағидаларына жауапкершілікпен қарауға, ауа райы жағдайын ескеруге, жол белгілерін қадағалап, жол жағдайындағы өзгерістерге дер кезінде әрекет етуге шақырады.