ІІМ шетелдік нөмірмен жүрген көліктерге қатысты проблемалар бар екенін мойындады
Ішкі істер министрлігі шетелдік нөмірмен жүрген көліктерден айыппұл өндіруде қиындықтар бар екенін мойындады әрі ведомство өкілдері жеке есеп жүргізілмейтініне сілтеп, Қазақстан аумағындағы мұндай көліктердің нақты санын атай алмады.
Астана, NEGE. ІІМ-нің inbusiness.kz басылымына берген мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында шетелдік нөмірлі көлік жүргізушілеріне 2,2 миллиард теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған. Алайда оның тек шамамен 0,8 миллиард теңгесі ғана өндірілген.
Бұл мәселе Мәжіліс депутаты Олжас Құспековтің де назарын аударды. Оның айтуынша, айыппұлдарды өндіріп алу деңгейінің төмендігі Қазақстаннан тыс жерде тіркелген көлік иелерінің құқық бұзушылықтарын әкімшілендірудегі қиындықтарды көрсетеді.
Оның пікірінше, шетелдік көліктерді есепке алудың бірыңғай жүйесінің болмауы азаматтардың қауіпсіздігі мен бюджетті толықтыру тұрғысынан да сұрақ туғызады.
«Мұндай ашықтық болмаған кезде азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төнеді, бюджет шығынға ұшырайды, айыппұл өндіру қиындайды және көлеңкелі нарық өседі. Көлік құралы қай елде тіркелгеніне қарамастан, заң мен тәртіп барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін бірдей болуы керек», – деп есептейді депутат.
Шетелдік тіркеудегі көліктердің негізгі легі Қазақстанға ЕАЭО елдерінен, әсіресе Ресей, Қырғызстан және Армениядан келеді. Мұндай көліктердің нақты саны туралы деректердің болмауы, депутаттың пікірінше, мемлекеттік шекарадан өткен сәттен бастап оларды есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесін құрудың маңыздылығын арттыра түседі.
ІІМ елдегі шетелдік тіркеудегі көліктердің нақты саны туралы мәлімет жоқ екенін алға тартты. Бұл ретте мұндай көліктердің уақытша болу мерзімдерінің сақталуын мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде шекара және кеден органдары бақылайтынын атап өтті. Ал Қазақстан аумағында құжаттарды жол полициясы қызметкерлері өз құзыреті шеңберінде тексереді.
Ведомство заңда белгіленген тәртіппен тіркелмеген көлік құралын жүргізгені үшін 10 АЕК көлемінде (2026 жылы 43 250 теңге) айыппұл қарастырылғанын еске салды.
Айыппұлдан бөлек, құқық бұзушы бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін. Сондай-ақ заң бұзушылықтар жойылғанға дейін көлік арнайы тұраққа қойылуы ықтимал.