ІІМ өкілі Айбек Смадияров қызметінен кетті: дипломат несімен есте қалды?
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қызметінен кетті.
Астана, NEGE. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомстводағы қызметін аяқтайтынын хабарлады. Ол нақты себебін айтпағанымен, бұл «көптен бергі жеке шешімі» екенін жеткізді.
Смадияров 8 жыл бойы министрліктің бас мінберінде тұрып, елдің сыртқы саясаттағы ұстанымдарын жұртшылыққа үздіксіз түсіндіріп келді. Оның айтуынша, бұл кезеңде Қазақстан талай маңызды кезеңнен өтті. Ал халықаралық қауымдастық елдегі оқиғаларды дәл журналистердің еңбегі арқылы жеткізгенін айтып, алғыс білдірді. Ендігі қызметін ол жеке секторда жалғастырмақ.
Қызмет жолы
Айбек Смадияров 2018 жылы ІІМ-нің Баспасөз қызметіне келді. Кейін халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары, департамент директоры болды. 2025 жылдың ақпанынан Халықаралық ақпарат комитетіне жетекшілік етіп, министрліктің ресми өкілі міндетін атқарды.
Қазақстан дипломатиясының бедерлі бейнесі несімен есте қалды?
Айбек Смадияров халықаралық тақырыптарда нақты, кейде қатаң пікір білдіретін. Қазақ дипломатиясының ашық, тік мінезді өкілі ретінде есте қалды.
Дипломат бірнеше жыл бұрын Ауғанстанға іссапары кезінде Кабулдағы күзетшілермен түскен фотосын әлеуметтік желіде жариялаған еді. Бұл жарияланым қоғам назарын аударып, көптің талқысына түскен. Содан кейін журналистер жаудырған сұрақтарға жауап беріп, бейнесуреттегі адамдардың елшілік күзеті екенін айтты. Ол бұл суретте еш оғаштық көрмейтінін түсіндірген.
Сондай ақ, Смадияров Қазақстанға тіл тигізген пікірлері үшін ресейлік тележүргізуші Тина Канделакиге елге кіруге тыйым салынғанын алғашқы болып хабарлаған.