2 Наурыз 18:41
...

ЛУКАШЕНКОНЫҢ тапсырмасын ТАСМАҒАМБЕТОВ орындай ма?

Фото:

Ресей ҰҚШҰ-ға мүше елдердің қорғаныс өнеркәсібі кешендерінің қуатын біріктіруді көздеп отыр. Бұл туралы 28 қаңтарда ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВПЕН кездесу барысында Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрі, ҰҚШҰ-ның Әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының төрағасы Денис МАНТУРОВ мәлімдеді.  

«Бүгін отандық (ресейлік – ред) қорғаныс өнеркәсібі кешені мекемелерінің Ұйымға мүше мемлекеттердің қорғаныс саласы мекемелерімен іс жүзінде өзара ықпалдастықты дамытуы үшін жеткілікті әрі берік нормативті құқықтық негізі қаланған», – деді Денис МАНТУРОВ. 

Фото: odkb-csto.org

ҰҚШҰ сайтының хабарлауынша, Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ аталған ұйымның шеңберінде қабылданған мемлекетаралық келісім мәртебесі бар 60 құжаттың 30 пайызына жуығы дәл осы әскери-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесін реттейтінін айтты.

И.Тасмағамбетов ҰҚШҰ хатшылығы атқарып жатқан Әскери-экономикалық  ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссияның сәуір айында Душанбеде өтетін XXI отырысына дайындық жұмыстары туралы баяндады.

«ҰҚШҰ-ға мүше елдердің қорғаныстық-өндірістік кешенінің көпжақты кооперациялық өндірістерін құру жөніндегі тәжірибелік шараларды іске асыру керек. Ұйымға мүше елдер қару-жарақ пен әскери техника жасауды, сервистік орталықтар мен техникалар жөндеуді бірлесіп қолға алғаны жөн», – дейді И.Тасмағамбетов.

Бас хатшының пайымдауынша, әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуы ҰҚШҰ-ға мүше елдердің әскери әлеуетін біріктіруге мәжбүрлеп отыр.

Ал қазақстандық сарапшылардың пікірінше, бұл ұсыныстың астарында Ресейдің Батыс салған санкцияны айналып өту жоспары тұр. Әйтпесе, Ресейден өзге ҰҚШҰ елдерінің әскери өнеркәсіп кешендері оқ шығарудан әрі аспайды.

Әскери сарапшы Аман МӘМБЕТӘЛИЕВ NEGE-ге бұл ұсыныстың неден туын отырғаны және оның себеп-салдары жөнінде пікір білдірді.

«Қазақстан қатты қысымның астында тұр»

–  Өз басым, бұл ұсынысқа қарсымын. Өйткені, біздің қауіпсіздігімізге қатер тудырады. Ресей – соғыс жүргізіп жатқан ел. Әрі санкцияның астында қалып тұр. Осындай мемлекетпен әскери интеграцияны жалғастыру қауіпті. Бізге де санкция салынуы ықтимал немесе Украинадағы жанжалдың бір жағын таңдағандай болып көрінеміз.

Ақпараттарды електен өткізсек, «Қазақстан қатты қысымның астында тұр» деп тұжырым жасауға болады.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони БЛИНКЕН Үндістанда өтетін G20 жиынына бара жатқан кезде, алдымен аялдаған жері Астана болды. Қазақстанға ол жайдан-жай келген жоқ. «Қазақстан Ресейге көмектеспесін. Санкцияны айналып өтетін жол ашпасын» деп қысым жасауға келді. Санкциядан шығындардың орнына қаржылай көмек беретінін де айтты.

Фото: Қазақстанның Ресейдегі елшілігі.

Мұның алдында да, ҰҚШҰ төрағасы Иманғали Тасмағамбетов Мәскеу қаласында Беларусь президенті Александр ЛУКАШЕНКОМЕН, Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей ЛАВРОВПЕН кездесті. Осындай кездесулер жиі болып жатыр. Енді Ресей жағынан да қысым күшейеді. «Таңдау жасайтын уақыт келді», – деп Лукашенко ашық мәлімдеді.

Менің пікірімше, қорғаныс өнеркәсібі кешендерін біріктіру мәселесі – Ресейдің санкцияны айналып өту жолы.

Мәскеудің АҚШ түрмесінде отырған Виктор БУТТЫ алмастырып алғаны бекер емес. Ол – қару-жарақ саудасымен айналысатын адам. Танк, ұшақ және басқа да қаруларға технологиялар керек. Оны шетелде шығарады. Санкцияның астында қалғандықтан әскери технологияны сатып алу Ресейге қиынға соғып тұр. Беларусьтен басқа, Қазақстанға немесе ҰҚШҰ-ға мүше өзге елдерге санкцияға салынған жоқ. Әйтпесе, бізде қару шығаратын өнеркәсіп, технология жоқтың қасы. Ресейге оқтан басқа не бере аламыз?

Мәселен, Украина барлаушылары «Қазақстанның компаниялары арқылы Ресей тікұшақтарына Хорватияда жөндеу жұмыстарын жасауы мүмкін» деген мәлімет келтіріп отыр. Бұл да – осы секілді санкциядан қашу жолдары. Тек қана ашық дерек көздеріне сүйеніп, талдау жасап отырмын. Ал келісімдер құпия жасалады.

Фото: ТАСС

Ресей соңғы уақытта 60-қа жуық зымыран қолданыпты. Әр зымыранның ішінде қаншама электронды салынды болды. Мұның орнын толтыру үшін шетелдік технологиялық жүйелер қажет.

Қазақстан санкцияны айналып өту мақсатында өз территориясын пайдалануға жол бермейді. Біздің президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ бұл мәселе жөнінде әлденеше рет ұстанымын нақты айтты. Сыртқы істер министрі Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІНІҢ де сөзі осы болып отыр.

P.S. Биыл ҰҚШҰ-ға Беларусь мемлекеті басшылық жасайды. Лукашенконың ұстанымы белгілі: ҰҚШҰ әскерін Украинадағы соғысқа салғысы келеді. Енді ұйымның бас хатшысы И.Тасмағамбетовтің әрекеті қандай болмақ? Инсайдерлік ақпарат көздерінің мәліметіне және бас хатшының өзінің әрекетіне қарасақ, Лукашенконың тапсырмасын орындамасқа амалы қалмайтын сияқты...

Тегтер: