Lufthansa өзін банкрот деп жариялауы мүмкін
Еуропаның ең ірі әуетасымалдаушы компаниясы Lufthansa өзін банкрот жариялауы мүмкін. Бұл туралы компания өкілі хабарлады. Осыған дейін концерн мемлекеттен көмек сұраған болатын.
Алматы, NEGE. Германия үкіметі 9 млрд еуро қаржы бөлуге келісті. Алайда, бірқатар шарт қойды. Мәселен, ескі ұшақтарын жаңа экологиялық ұшақтарға ауыстырып, компания акцияларының 20%-ін мемлекетке тапсыруды ұсынды. Алайда мұны тиімсіз деп санаған Lufthansa бұл жәрдемнен бас тартты. Компания басшылығы банкрот жариялау жолын қарастырып отыр. Бұл қызметкерлерін жұмыстан шығаруды жеңілдетіп, тұтынушыларға билеттер құнын өтемеуге мүмкіндік береді. Ал бұл 1,8 млрд еуро төңірегіндегі қаражат.
Сондай-ақ, Lufthansa пайда әкелмейтін еншілес компанияларын да жаба алады. Індеттің кесірінен әуе қатынасы тоқтап, концерннің әр сағаттағы шығыны бір миллион еуроға бағаланып отыр. Ал үкімет өкілдері Lufthansa басшылығымен келіссөздерін жалғастыратынын мәлімдеді. Петер Альтмайер, Германияның экономика министрі: - Біз Lufthansa-ға дағдарыстан шығудың өзге жолын ұсынып отырмыз. Германияның ең маңызды компанияларының біріне көмек беру жөнінде бір шешім табамыз. Өйткені әңгіме 100 мыңнан аса жұмыс орны мен Германияның азаматтық авиациясы туралы болып отыр. Тарихы мен дәстүрі бай компания коронавирус кесірінен қиындықтарды бастан кешті. Біз оны сақтап қалғымыз келеді.