1 Наурыз 09:15
...

«Миллиондаған қарыз, жалғыздық, депрессия...» – Бұрынғы лудоман сырымен бөлісті

Лудомания
Фото: NEGE.KZ

Лудомания немесе құмар ойындарға тәуелділік. Бұл – дертке шалдыққан адамның және оның жақындарының өмірін бұзатын ауыр дерт. «Лудоман дауысы» деген атпен танымал Ерік Жанділда өзінің тәуелділікпен күресу тарихын және оны жеңу жолдарын тілшімізге баяндап берді.

Ол 15 жыл бойы бәс тігумен айналысқан. Құмар ойынға тәуелділіктің кесірінен көру қабілеті нашарлаған. Құмар ойынның салдарынан миллиондаған қарызға батып, жалғыз қалған, депрессия мен апатияға түскен. Бірақ ол өмірін түбегейлі өзгерте алды. YouTube арнасында дертке шалдыққанын мойындап, видео жазды, Instagram және TikTok желілерін белсенді жүргізе бастады. Ондағы мақсаты – өз өмірі арқылы басқаларға көмектесу.

Лудоман
Фото: Жеке мұрағатынан

«Құмар ойындар әртүрлі формада болады және олардың мақсаты мен ойыншылары да әртүрлі. Құмар ойындарының ең кең таралған түрлері мыналар: казино ойындары, түрлі лотереялар, спорттық құмар ойындар, онлайн құмар ойындар, слот-машиналар, бинго, тото ойындар, карточкалық ойындар, кено, киберспорттық құмар ойындар және тағы басқа. Құмар ойындардың әр түрі бар, бірақ олардың барлығы белгілі бір уақыттан кейін тәуелділікке, яғни лудоманияға әкелуі мүмкін. Сондықтан лудоманиядан қалай сақтануға болатынын түсіну өте маңызды», – дейді Е.Жанділда.

Лудомания дертін өз басынан өткерген ол сақтандыру жолдарын да айтты. 

«Лудомандар үнемі құмар ойындар туралы ойлайды. Ол өзінің келесі ойыны туралы қиылдап, оған дайындалып, ойын процесін жоспарлайды. Бұл оның басқа да өмірлік мәселесіне, жұмысына немесе оқуына мойын бұрғызбайды. Қайткен күнде де ойынды жалғастыру үшін жақын адамдарын алдай бастайды. Ойынға салу үшін қарыз алады кредитке кіреді. Қаржылық қиындықтар оның тәуелділігін одан әрі күшейтеді. Тәуелділік салдарынан ол әзін төмен бағалайды, қадір-қасиетін жоғалтады. Жиі депрессияға түсіп, психологиялық қиындықтарға тап болады. Мұның соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы әбден мүмкін».

Е.Жанділданың айтуынша, көптеген ата-ана балаларын құмар ойындардан арашалап алу үшін қарызын жауып, қолдау көрсеткісі келеді, бірақ мұндай әрекеттер мәселені түбегейлі шешпейді, керісінше, күшейтіп жіберетін көрінеді. Әке-шешесіне арқа сүйеп алған лудоманның құмар ойынға тәуелділігі артып, өзімен қоймай, әке-шешесінің де қаржылық жағдайын нашарлатады.

Тәуелділік
Фото: depositphotos.com

Жұрт арасында тәуелділіктен арылуға көмектесетін «сиқырлы дәрі» туралы әңгіме бар. Лудомандардың көпшілігі дәрігердің көмегіне жүгінудің орнына әлгіндей жолды таңдайды екен. «Мұндай әдістің ешқандай ғылыми негізі жоқ, бұл тіпті қауіпті болуы да мүмкін. «Сиқырлы дәрі» ішкен лудоман тәуелділікті мойындаудан бас тартып, кәсіби көмекті мойындамауға айналады. Мұның салдары белгілі – жағдайы одан әрі нашарлайды, тәуелділік үдей түседі», – дейді кейіпкеріміз.

Біздің қоғамда «жұрттан ұят болады» деген желеумен дертін жасыратындар аз емес. Е.Жанділданың пайымдауынша, лудомандар құмар ойынға тәуелді екенін мойындаудан, кәсіби мамандарға жүгінуден ұялады. Тәуелділікпен ашық күресу орнына, дертін жасырып, оны жеке мәселе деп қарайды, бұл оның жағдайын одан сайын қиындатады. Қоғамның лудомандарға деген теріс көзқарасы дертті адамға психологиялық тосқауыл жасайды.

«Жуырда бір тосын оқиғаның куәсі болып, таң қалдым. Айына 30 миллион теңге табыс тауып, рекорд жасап жүрген блогер көп ұзамай 617 миллион теңге қарызға батқан. Көрдіңіз бе, тәуелділік осындай қорқынышты жағдайға душар етеді. Біз осындай мысалдардан сабақ алуымыз керек» – дейді Е.Жанділда.

Қазір блогерлердің қоғамға ықпалы күшті екені белгілі. Олар миллиондаған жасқа әсер етуі мүмкін. Көп жағдайда блогерлер әлеуметтік желілерде түрлі ұсыныстар жасап, табыстары мен өз өмірін жарнамалайды және осы арқылы ақша табады. Кейде лудоманияға қатысты жарнаманы немесе құмар ойындар туралы ақпараттарды өз парақшасында бөліседі. Бұл басқалардың қызығушылығын арттыруы мүмкін. 

«Менің ойымша, блогерлер лудомания туралы ақпарат таратқанда салдарын ойлауы керек. Өйткені жастардың көпшілігі блогерлерге сенеді. Өз басым бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қараймын».

Әрбір адам лудоманияның не екенін, оның салдарын және тәуелділіктің қалай пайда болатынын түсінуі керек. Мектептер мен университеттерде психологиялық тренингтер, семинарлар өткізу, сондай-ақ құмар ойындардың зардаптарын түсіндіретін арнайы бағдарламалар енгізу проблеманың алдын алуға мүмкіндік береді.

Құмар ойындарды құқықтық тұрғыда реттеу де аса маңызды. Қазақстанда құмар ойындар мен онлайн-казинолардың қызметін реттейтін заңдар бар, бірақ оларды әлі де жетілдіру қажет. Сонымен қатар, ойын бизнесінің өкілдері, блогерлер мен әлеуметтік желі белсенділері өз жауапкершіліктерін сезінуі тиіс.

Түйткіл
Фото: ғаламтордан

Лудоманиядан құтылуға бола ма? Бұл сұраққа кейіпкеріміз «болады» деп жауап берді.

«Лудоманиядан толық арылуға болады, бірақ бұл – күрделі және көп қырлы процесс. Ол үшін толыққанды психологиялық көмек алып, арнайы оңалту орталықтарына жүгіну керек. Әлеуметтік қолдау топтарының да маңызы зор. Өз басым қарыздардан құтылып, отбасын құрып, блог жүргіземін. Ең бастысы – күш-жігер мен шыдамдылық, жақындары мен қоғамның қолдауы да үлкен рөл атқарады. Тәуелділігіңді мойындап, өзгеруге шешім қабылдаған кезде ғана лудоманияны жеңуге болады», – дейді Е.Жанділда.

Лудоман
Фото: NEGE.KZ

Ресми статистикаға сенсек, Қазақстанда 440 мыңға жуық адам лудоманияға шалдыққан. Бұл – республика халқының үш пайызы. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, отбасы бұзылғандардың 40 пайызы құмар ойындарға тәуелділіктің салдарынан болған.

Зере НАРБЕКОВА.