Ломтадзе Kaspi такси мен тамақ жеткізу сервисін іске қосуға неге асықпайтынын түсіндірді
Kaspi пайдаланушылары компанияға такси немесе тамақ жеткізу сервисін іске қосуды жиі ұсынады. Михаил Ломтадзе Kaspi-дің әзірге бұл нарықтарға шығуға асықпай отырған себебін түсіндірді: жаңа сервис клиентке өзгелерден түбегейлі ерекшеленетін әрі айтарлықтай жақсы қызмет ұсынуы керек.
Астана, NEGE. Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі бұл ұстанымын Fintech Leaders подкастында Мигель Армазамен әңгіме барысында айтты. Бұл тақырып Армаза Алматыда бірнеше күн болып, қазақстандықтардың Kaspi-ден осы нарыққа шығуды сұрайтынын естігеннен кейін қозғалды.
«Kaspi Taxi біздің сервис үшін жақсы атау болар еді, – деді Ломтадзе. – Бірақ біз әрдайым өзімізге: мұны басқаша жасай аламыз ба, клиенттерді таңғалдыратын құндылық қоса аламыз ба деген сұрақ қоямыз».
Оның айтуынша, такси мен тамақ жеткізу – қызық нарықтар. Алайда бұл салаларда қазірдің өзінде көптеген ойыншы бар және олардың басым бөлігі шамамен бірдей қызмет ұсынады.
«Егер біз көлемі үлкенірек нарықта жұмыс істесек, мүмкін кәдімгі такси жасамай, бірден жүргізушісіз таксиге көшеміз дейтін едік. Біз үшін осындай инновация қызықты болар еді», – деді Kaspi басшысы.
Компания клиенттік тәжірибесі онсыз да жақсы қалыптасқан нарыққа шығуды әзірге басым бағыт деп санамайды. Ломтадзенің айтуынша, қазір команданы басқа мәселе – жақында іске қосылған Kasper жеке ЖИ-көмекшісінің құрамына қандай сервистерді енгізуге болатыны көбірек қызықтырады.
«Қазір біздің басты басымдығымыз – Kasper және оның клиенттерімізге қандай міндеттерді шешуге көмектесетіні. Дәл осы бағыт клиенттер үшін ең үлкен құндылық қалыптастырады. Біздің мақсатымыз – әрбір қазақстандыққа жеке көмекші ұсыну», – деді ол.