Іле-Балқаш резерватына бір үйір құлан жіберілді
Алтын-Емел мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі құландар Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватына көшірілді.
Астана, NEGE. Экология министрлігінің хабарлауынша, бұл шара құландардың табиғи популяциясын қалпына келтіруге, олардың таралу аумағын кеңейтуге және Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтауға бағытталған.
«Жануарлар жаңа аумаққа жеткізіліп, табиғи ортаға жіберілді. Алдағы уақытта мамандар олардың жаңа мекенге бейімделуін, қозғалысы мен жалпы жағдайын бақылауды жалғастырады», – делінген ведомство хабарламасында.
Еске салсақ, мамырда Ресей аумағынан жеткізілген төрт Амур жолбарысы да Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты аумағына жіберілген еді.
Таяуда Экология министрлігі резерват аумағына жіберілген Үміт атты Амур жолбарысының Қазақстан жеріне бейімделуі сәтті өтіп жатқанын хабарлады. Экологтардың хабарлауынша, алғашқы күндердің өзінде Үміттің өздігінен аң аулай алатыны байқалған. Мониторинг барысында оның қасқыр аулап, бірнеше күн бойы сол олжамен қоректенгені анықталған. Кейін жабайы қабанды да ұстаған.