Іле ауданының 11 сынып оқушысы «Абайтану» республикалық олимпиадасында ІІІ орын иеленді

2025 жылдың 23-24 сәуірі аралығында Алматы қаласында Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатында жалпы білім беру ұйымдарының 9-11 сынып оқушылары арасында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша VII республикалық «Абайтану» олимпиадасы өтті.
Алматы, NEGE. Олимпиаданың басты мақсаты – Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын терең меңгерген, ұлттық рухты бойына сіңірген жас буынды анықтау және қолдау.
Ұлы ақынның бай мұрасын жас ұрпақ санасына терең әрі жан-жақты сіңіріп, өнеге мен тәрбиенің алтын қазығына айналдыруды көздеген олимпиаданың негізгі мақсаты – М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын толық меңгеру арқылы кемеңгердің ақындық болмысына үңілуге, Абайдың шығармашылық өмірінен ғибрат алып, өмірде қолдана алуға бағыттау, зияткерлік және шығармашылық қабілетті дамыту.
Ұлы ақынның бай мұрасын жас ұрпақ санасына терең әрі жан-жақты сіңіріп, өнеге мен тәрбиенің алтын қазығына айналдыруды көздеген олимпиаданың негізгі мақсаты М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын толық меңгеру арқылы кемеңгердің ақындық болмысына үңілуге, Абайдың шығармашылық өмірінен ғибрат алып, өмірде қолдана алуға жол сілтеу зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Олимпиадаға қазақ тілінде білім беретін облыстық кезеңнен жеңімпаздары атанған жалпы білім беретін ұйымдардың 9-11-сынып оқушылары қатысты. Олар ұлы ойшылдың шығармаларына қатысты білім деңгейін, әдеби талдау қабілетін және көркем ойлау мүмкіндігін көрсетті.
Олимпиада қорытындысы бойынша Алматы облысының құрама командасы жүлделі нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Іле ауданы №36 орта мектептің 11-сынып оқушысы Қосдәулет Диляра ІІІ орынға ие болды. Оқушыны жарысқа дайындаған жетекшісі – Шыңғыс Мақсат Әлмұқамедұлы.
Бұл жеңіс – оқушының әдебиетке деген қызығушылығы мен мұғалімнің кәсіби шеберлігінің нәтижесі.
Барлық конкурсанттар қатысушы сертификатымен, жеңімпаздар дипломмен, барлық оқушылардың жетекшілері алғыс хаттамен марапатталады.
Республика көлемінде өткен білім жарысының қатысушылары олимпиада барысында ұлы ақынның мол мұрасымен сусындап, Абай қара сөздерінің тәрбиелік-тағылымдық маңызын меңгеріп, Абай мұрасын насихаттауға өз үлестерін қосқандарына ризашылығын білдіріп қайтты.
Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы, ойшылы, кемеңгер тұлғасы. Оның шығармашылығы – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ең биік шыңы ғана емес, ұлттық сананың оянуына себепкер болған рухани жаңғырудың бастауы. Ақын шығармаларынан білімге, ғылымға ұмтылу, жан тазалығы, ар-ождан, ел бірлігі сияқты асыл қасиеттер көрініс табады.