Ләззат Құдайбергенова: Өз мамандығымды адаспай тапқаныма қуанамын

Ләззат Нұрлыбекқызы Құдайбергенова – Шымкент қаласындағы өрт сөндіру қызметіндегі әрбір қызметкер сеніп, сырын ақтара алатын жан. Ол – өрт өтінде жүргендердің күнделікті тәуекелге толы қызметінде қандай да бір қиындық туындап, моральдық жағынан көмек қажет болған жағдайда бірден жүгінетін маман. Яғни ол психолог қызметін атқарады.
Қашан көрсең де көтеріңкі көңіл сыйлап жүретін, жайдары мінезімен өзіне баурап алатын Ләззат өз мамандығын жаңылмай тапқан дерсің. Онымен сырласқан, тренигтеріне қатысқан әрбір адам шындығында нәтижесін сезініп, жеңілдеп қалады. Ойын жүйелеп, күрмеуі шешілмеген мәселелерде қолдау табады. Мұның барлығы күнделікті от пен судың арасында жүріп, түрлі қиын жағдайларға тап болған жандарды құтқаратын өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға сол сәтте әрбір әрекетін айнытпай жасау үшін аса қажет.
Өйткені адам жаны қыл үстінде тұрғанда кез келгеннің бірінші сезінері – үрей мен күйзеліс. Бірақ, бұларға бой берген құтқарушы қайдан басқаға көмек қолын созсын? Міне, оларға осындай сәттерде тура жолды тауып, бар батылдықты бойына жинап, қорқынышты жеңуге көмектесетін осы психолог мамандар.
Өйткені олар әрбір қызметкермен жеке де, топпен де түрлі психологиялық жұмыстар жүргізеді. Ал қазіргі таңда жас та болса тәжірибесі мол Ләззат талай жанға өз көмегін беріп жүр.
Ол педагогика және психология мамандығы бойынша оқуды тәмамдағаннан кейін №63 орта мектепке психолог лауазымына қызметке орналасады. Бұл саланың қыр-сырын жаны да, жүрегі де нәзік бүлдіршіндерден бастаған жас маман өз біліктілігін ұдайы арттыру арқылы үлкен тәжірибе жинақтап, 2013 жылы азаматтық қорғау органдарына қызметке психолог болып орналасады. Содан бері осы салада нәтижелі қызмет атқарып келеді.
Осыдан бөлек, оқиға орнына шығып, төтенше жағдайларда зардап шеккендер мен олардың туыстарына психологиялық көмек көрсету жұмыстарын да жүргізіп жүрген психолог-маман түрлі жағдайлардың болғанын еске алып, әсіресе, 2016 жылғы қайғылы оқиға оқиға ерекше әсер еткенін айтады.
Жаздың жаймашуақ күні тұрғын үйдің ауласындағы жиналып тұрған шөп өртеніп, ішінде ойнап жүрген балалардың бірі қаза табады.
«Баланың жақындары үшін бұл өте ауыр қайғы еді. Әке-шешесін, туыстарын сабырға шақыру қиын болды. Өз әрекеттеріне жауап бере алмай, агрессия танытқандарды түсінуге, тыныштандыруға тырыстым. Топ арасында жалғыз тұрсам да, баланың әке-шешесі мен туыстарын жұбатып, сабырға келтірдім. Әрине, бұл жағдайда өзіме де қауіп төнді. Бірақ бұл – менің жұмысым», – дейді Ләззат Нұрлыбекқызы.
Сол сәтте өзініңде ерекше күйде болғандығына қарамастан бірден жиналып, кәсіби тұрғыда әрекет етуіне алған білімі мен арттырған біліктіліктерінің үлкен көмек болғанын айтады.
Осыған ұқсас оқиға 2017 жылы Бозарық елді мекенінде де болыпты. Тұрғын үйде өрт шығып, жалғыз қызынан айырылған егде жастағы ана ешкімге бағынбай, өз әрекетіне жауап бере алмайтындай халге түскен. Оқиға орнына келген Ләззат Құдайбергенова тез арада оған психологиялық көмек көрсетіп, тыныштандырып, дәрігерлерді де өзіне жақындатпай жатқан ананы сабырға келтіріпті.
«Қайғыдан қан жұтқан жұртты сабырға келтіру, тыныштандыру – өте қиын және жауапты шаруа. Бірақ кейін солардың алғысын алғанда қиындықтың бәрі ұмытылады. Өз мамандығымды адаспай тапқаныма сондай сәтте көзім жете түседі», – дейді Л.Нұрлыбекқызы.
Тәжірибелік психология және психотерапия Еуразиялық институтында, «Ұлттық медициналық Ассоциациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінде, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында, Белоруст Республикасының «Қайта даярлау және біліктілікарттыру» институтында, Әскери ғылым Академиясында, КАЗГЮУ университетінде өз біліктілігін арттырған психолог-маман өзінің белсенді қызметі үшін де бірнеше рет Департамент және Қызмет бастықтарының алғыс хаттарымен, Төтенше жағдайлар министрінің грамотасымен марапатталған.
Қазіргі таңда Ләззат Құдайбергенова – екі баланың аяулы анасы, сүйікті жар, абыройлы маман.