«Лауазымды адамдар Бишімбаев сияқты отбасылық мәселемен хабарласады...» – Көріпкел
Шенеуніктер бақсы-балгерге жиі бара ма? Көбінесе қандай мәселемен жүгінеді? Мәскеуде тұратын белгілі қазақстандық балгер Кажетта (Екатерина) Ахметжанова NEGE порталына берген сұхбатында осы жайттың астарына терең үңілді.
– Кажетта, «әйелін өлтірді» деген айып тағылған Бишімбаевтың сотынан хабардар шығарсыз. Ол өткен сот отырысында ауыр халде жатқан әйеліне жедел жәрдем шақырудың орнына көріпкелгехабарласқанын айтты. Жалпы, шенеуніктер мен қалталы азаматтар көріпкелге, балгерге жиі жүгіне ме? Егер жиі жүгінсе, неліктен?
– Иә, сот отырысында осындай уәж айтылғанын естідім. Бірақ жедел жәрдем шақырудың орнына неге оқиғаның мән-жайынан бейхабар көріпкелге хабарласқаны түсініксіз. Байқауымша, ол өзін басқадан өте жоғары санаған адам. Жедел жәрдемге қоңырау шалмағаны да сондай екенін аңғартады.
Балгерге жаны қысылған, жолы болмаған адам хабарласады. Бишімбаев істеген әрекетінің дұрыстығына сенімді болу үшін, өзін кінәлі сезінбес үшін ар-намысы мазаламасын деп балгерден қолдау күткен. Әлбетте, ол хабарласқанда: «Мен оны өлтіріп алдым» деген жоқ қой, керісінше, «құлап қалды, қазір қорылдап ұйқтап жатыр» деген ақпарат айтқан болар. Бұл – оның ішкі қорғануы. Бәлкім, балгер де Нүкенованың өліп қалғанын іштей сезген шығар, бірақ бетіне айтуға қорыққан болуы мүмкін.
Мысалы, Ресейде, Шешенстанда, Дағыстанда бірнеше бақсы-балгерлерді өлтірген оқиға кездесті. Жалпы, елде өзгеріс болар алдында, дағдарыс келе жатқанда балшылар да көбейеді, оларға қарсы адамдар қатары да артады.
– Сіздіңше, лауазымды тұлғалар айналасында сенімді серігі болмаған соң, балгерден жұбаныш іздей ме?
– Бәлкім, солай да шығар. Бірақ балгер оған алдында не күтіп тұрғанын болжаммен айтса да, ол адам ішкі рухани әлемімен жұмыс істеуіі тиіс. Әр көріпкел әртүрлі айтуы мүмкін. Біреуі көріп тұрған шындықты айтады, енді бірі рухани өсуін, отбасын, жұмысын айтады. Соған қарағанда Бишімбаев өзіне қатысты мәселе туындағанда, рухани күші түгесіле бастағанда көріпкелге жиі хабарласатын болған, содан өзін жұбатып, көңілін демдеген. Бұл оның маньякалды адам екенін көрсетеді. Бишімбаевтың астрологиямен айналысатын әйелге үйленуі де тегін емес. Оған үнемі өзінің уайым-қайғысын, ішкі күйзелісін айтатын адам керек болған. Одан кейінгі кезекте пікірін өзі хабарласатын көріпкелмен бөлісіп отырған.
Айта кету керек, қазір Қазақстанда білім деңгейі төмен балгерлер қаптап кетті. Мәселен, Ресейде болашақты болжайтын көріпкелдер кастасы адамның бойында шизоманьякалды психоз басталғанын айтады. Олар бұл адаммен жеке сана-сезімімен жұмыс істейді, қажет болса емделуге психолог пен психиатрға жібереді.
– Демек, балгерлерге көбінесе қолында билігі, ақшасы бар адамдар бара ма?
– Негізі көп ақша тапқан адам бизнесте тәуекелге бел буады, тақырға отырады. Ол кәсіпкер сол арқылы іштей күйзеліске тап болады. Ақшаның иесі, күші мықты ғой. Кейбіреулер соны көтере алмай қалады, енді бірі есірткі мен ішімдікке әуес болып кетеді, тағы бірі құмар ойынға басымен кіреді. Тіпті, бірі қолында бәрі болған соң айналасындағыны адам құрлы санамайды. Меніңше, солардың көбі көріпкелге болашағын білгісі кеп емес, жай ерігіп, қызығушылық танытып қана хабарласатын сияқты. Егер балгер сол адамның өткен өмірі, түпкі мақсатын біліп, психологиясын дөп басып айтса, тұрақты клиентіне айналуы мүмкін. Ал кішкене қателессең, адамдар Құдайға да, жынға да, ештеңеге де сенбейтін боп барады.
– Шын мәнінде, бір Бишімбаев қана емес, ел басқарған тұлғалар да көріпкелге жиі жүгінеді екен. Кезінде Назарбаевтың да атақты Вангамен кездескені туралы айтылды. 24 жылға бас бостандығынан айрылған Оңтүстік Кореяның үшінші президенті Пак Кын Хе де шешімдерін көбіне көріпкел, бақсылармен кеңесіп қабылдаған көрінеді...
– Билікте отырған адамның жауы да көп. Адамға бей-берекет сене бермейді. Өзіне деген сенімділікті арттыру үшін үнемі кеңесіп отырған көріпкелі болған шығар. «Алда мынадай нәрсе болуы мүмкін» деген болжамын ұсынады. Бірақ «кез келген мәселені көріпкелдің айтуымен шешті» деген артық.
Жалпы, менің тәжірибемде лауазымды адамдардың көмек сұрап, хабарласқан кезі болды. Бірақ бұл құпия сақталатын ақпарат. Кімнің келгенін жария ете алмаймын. Біреулер ұнатып, қайта келеді. Көбі Бишімбаев сияқты отбасылық мәселемен хабарласады, енді бірі жұмысында қиындық туындағанда жәрдем сұрайды. Шенеунік болу да оңай емес қой. Мемлекеттік қызметте істейтін лауазымды тұлғалардың көбі жұмысында тығырыққа тіреледі, одан шығатын жолды іздейді. Сол себептен біз сияқты адамдардан кеңес алуға мәжбүр болады.
Ал Бишімбаевтың жағдайына келсек, ол – шизоманьякалды психоз. Шынымды айтсам, шенеунік санатындағылар, билік тізгінін ұстағандар сирек келеді. Олар қатты психологиялық қысым көргенде, не істерін білмей абдырап қалғанда ғана бізге жүгінеді. Былай кезде өздерін жарты Құдай санайды емес пе? Негізінен клиенттерім – қарапайым адамдар.
– Ресей танымал балгерлерге кенде емес. Мұндағы шенеуніктер де бақсы-балгерден кеңес сұрай ма?
– Өз басым көп жыл бойы әнші Николай Басковтың өміріне қатысты болжам жасап тұрдым. Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) бастықтары көмегіме жүгінді. Олар нақты мәселені ғана сұрайды. Артынан алғысын айтып, бір құшақ гүл жібереді. Ал Қазақстанның бай адамдарының көбі – сасық кеуде. Не болса соны мыжып кетеді. Кеткен соң шырынын сорған жеміс сияқты боп қаласың. Содан кейін де қазақстандық шенеуніктерге консультация бергім келмейді. Әрине, кейбіріне көмек бердім, негізі мүмкіндігінше қабылдамауға тырысамын.
– Бишімбаевқа қатысты қылмыстық істі бүкіл халық қадағалап отыр. Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жайында пікіріңіз қандай?
– Байқауымша, біздің қазақта «ер азамат» деп көрсететін лайықты жігіттер азайып барады. Оларды абьюзер қылып жібердік. Ісі де оңбаған, тілі де жаман. Қит етсе, әйелін сабауға дайын. Қазақ әйелдерінің 70 пайызы күйеуінен таяқ жейді. Оның аяғы ауыр ма, жоқ па, шаруасы жоқ. Қорғансыз әйелді еркекпен төбелескендей соғады. Артық айтсам кешірерсің, қазір қазақ әйелдері де бұзылған. Отыз жылда осындай деңгейге жеттік. Құдай бетін әрі қылсын, Қазақстанға соғыс келсе, намысын жерге таптап, бір қазақ екіншісін сатып ақша алады. Бір-біріне жау болып шығады.
– Қазір су тасқынының салдарынан қаншама елді мекен қарғын судың астында қалды. Ресейдің Орск, Орынбор қаласында да жағдай күрделі. Мұның арты неге әкеледі?
– Ресей немесе Қазақстан болсын ақшаны керекті жерге жұмсамайды. Бұрын Совет одағы кезінде бұл дамбалардың бәріне көктем алдында жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қадағалауда ұстайтын. Қазір бұған ешкім көңіл бөлмейді. Ресей бүкіл ақшасын Украинамен арадағы соғысқа салып жатыр. Біздің басшыларға да ойлану керек.
Қазақтанды да әлі үш-төрт мәрте сілкіп алады. Алматының суын ұстап тұрған дамбалар Қонаевтың кезінде салынған. Одан бері бірде-бір күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Егер жарылса, Алматыны да су басуы мүмкін. Демек, экологиялық жағдайды түзеуге бөлінген ақша діттеген жеріне жетпей тұр. Бюрократтар, жемқорлар оған жеткізбей жеп қояды.
Біз үшінші дүниежүзілік соғыс алдында тұрмыз. Мұны да балгерлер айтып жүр. Қазір кей адамдар хайуанға айналды. Пейіл тарылып кетті. Алда бізді жұт күтіп тұр. Азық-түлік қымбаттайды, экономикалық дағдарыс жақындап келе жатыр.