30 Қараша 18:16

ЛАТУФУНДИСТЕР арасында Даниал АХМЕТОВ бар ма? – ШҚО әкімі жауап берді

Фото:

ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек КӨШЕРБАЕВ брифинг өткізіп, журналистердің сауалдарын жауап берді. 

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында заңсыз алынған және тиімсіз пайдаланылған 40 мың гектар жер мемлекетке қайтарылыпты. Оның құны 700 млн теңгеге жуықтаған. Жерді заңсыз иеленген немесе тиімсіз пайдаланған латифундистердің аты-жөнін атай аласыз ба? Олардың арасында бұрынғы әкім Даниал Ахметов бар ма?

Брифинг барысында NEGE тілшісі осы сауалдарды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек КӨШЕРБАЕВҚА жолдады. 

«Енді оны ашық айту керек. Негізінде мемлекеттік меншікке қайтарылған жер туралы өз баяндамамда да атап өттім. Тиімсіз пайдаланылған 40 мың гектар жер деп отыр.

Шынымды айтайын, олардың аты-жөнін білмеймін. Осындай адамдардың бәрінің аты-жөнін білу маған қажет емес деп ойлаймын. Арасында Даниал Кенжетайұлының бар-жоғын да білмеймін.

Ол мемлекеттік қызметкер болғандықтан, оған кәсіпкерлік қызметпен және жеке меншік жұмыспен айналысуына тыйым салынған. Егер ол кісіде болса, құқық қорғау органдары айтар еді. Менің ойымша, бұл сұраққа ол кісінің өзі жауап беретін болар», – деп қысқа қайырды облыс әкімі. 

Облыстық мәслихаттың шілдедегі сессиясында биыл құны 57 млрд теңге болатын тоғыз ірі инвестициялық жоба іске асатынын мәлімдедіңіз. Сіз әкім болып келгелі бес айдан енді асты. Уәде орындалды ма? Қандай жобалар іске аспай қалды? Және неліктен?

NEGE тілшісі жолдаған бұл сұраққа әкім жауап бермеді, жауабы баяндамада аталып өткені ескертілді. 

«ШҚО-ның 42 инвестжобасы жалпыұлттық пулға енді. Инвестициялардың негізгі көлемі полиметалл кен орындарын игеруге бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында облыстан инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына 1,1 триллион теңгеге 42 жоба кірді. 2023 жылы 77 млрд теңгеге 8 жоба іске асырылып жатыр», – депті әкім өз баяндамасында. 

Шығыс Қазақстан облысында миллиардттаған теңгелік жобалардың қалай іске асып жатқанын немесе неліктен іске аспай қалғанын NEGE редакциясы зерттеп көретін болады. 

Тегтер: