29 Шілде 17:02
...

Ласкаво просимо. НЕГЕ Kaspi.kz украин нарығын таңдады?

Фото:
KaspiPay-дың украиналық Portmone Group-ты толық сатып алу үшін төлейтін сомасы 20 миллион доллардан аспауы тиіс. Тараптар келісімшарт сомасын жасырып отырса да, отандық сарапшылар осындай пікірде.

 

«Kaspi басқа елдің нарығына баяғыдан бері кіру керек еді, бірақ түсініксіз себептермен олар уақыт созып келді. Қазіргі ұмтылысы кештеу деп ойлаймын», – дейді Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген EXANTE халықаралық брокерлік компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев.

«Kaspi-дің IPO-ға дейін де басқа нарықтарға баратын шамасы бар еді. Қазір олар IPO барысындағы бағалары 200 пайыз өскеннен кейін ғана жаңа аймаққа тырнақшаның ішінде «енді». Тырнақшаға алып отырған себебім – бұл Украинаға шығу дегенді толық білдіре ме? Ия, олар коммуналдық қызметтерді төлеуге мүмкіндік беретін жергілікті алпауытты сатып алды, бір қызығы оны Kaspi.kz емес, KaspiPay іске асырды»

«Бірақ мұны шынымен де украин нарығына дендеп ену деп айта алмас едім», – деп жалғастырады Андрей Чеботарев. «Себебі, бұл жерде компанияның өзінен гөрі, ондағы IT-мамандар қажет болған сияқты. Мен ірі ІТ-компанияда жұмыс істегендіктен, көп жағдайда мұндай сатып алулар өте кәсіби мамандар командасын жинау үшін жүзеге асырылады».

«Украина нарығы әбден піскен, толысқан. Мұнда шынымен виртуалды банктер бар, бәсекеге қабілетті маркетплейстер жұмыс істейді. Бірақ оған қарамастан, ақша айналымының 44 пайызы әлі күнге дейін қолма-қол ақшамен жүреді. Оның себебі – халықтың банктерге сенбеуінде. Украинада банкрот болып жабылып қалған банктер өте көп. Себебі, ол жақта біздегідей мемлекет банктерді құтқарған жоқ. Ақшасынан айрылған халық та аз емес. Сондықтан украин халқы банктерге сенбейді»

Kaspi.kz Portmone-нің 100 пайыз акциясын сатып алатын болады. Мәміле 2021 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұл келісімді Украинаның Ұлттық банкі мен екі елдің монополияға қарсы реттеушілері мақұлдауы керек.

Қазір қазақстандық финтех алпауыттың капитализациясы 22 миллиард долларға жетіп, Лондон қор биржасындағы бір акциясының құны 114,8 долларға саудалануда. Мұндай ірі компанияның Украинаға енуіне Portmone Groupтың нарықтағы бәсекелесі болып келген Monobank басшысы Олег Гороховский де өз пікірін білдірді.

«Мен мықты бәсекелестерді жақсы көремін. Олар команданы ынталандырады әрі жұмылдырады. Оларға Украинада қиын болады», - деп жазады өз парақшасында Monobank басшысы.

«Төлемдер кезінде олар мононың толықтай комиссиясыз қызметімен бәсекелесуге мәжбүр болады. Ал Қазақстанда өздері жолға қойып алған эквайрингте олар Украинадағы мемлекеттің нарыққа қол сұғуын бастан кешіріп, біз және Privat-пен ғана емес, сондай-ақ Apple, Google Pay-лармен бәсекеге түспек»

KaspiPay сатып алған Portmone – Украинадағы жергілікті халыққа үйреншікті төлем жүйесі. Ол арқылы клиенттер коммуналдық және тұрмыстық қызмет ақысын төлеп, картадан картаға аударымдар жасап, ұялы телефонға бірлік салып, басқа да қаржылық қажеттіліктерін өтеп жүрген болатын.

Тегтер: