23 Тамыз 15:46
...

Лай суда жүзген лақа. Қазтаев қалай герцогтың көршісі болды?

Фото:

Өткен жылдың басында Журналист-зерттеушілердің халықаралық консорциумы (ICIJ) экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми үшінші әйелі Әсел Құрманбаевадан бастап, қызы Дариға Назарбаева мен жиені Нұрәли Әлиевтен тартып, қыл аяғы бизнесмен Марғұлан Сейсембаев пен қаржыгер Ораз Жандосовқа дейінділердің офшорда жиған-тергендерін әшкерелеген еді.

Құдай салмасын, бұл тізімде кім жоқ дейсіз, Қазақстандағы ығай мен сығайдың көбі жүр. Айталық, Александр Клебанов, Сауат Мыңбаев, Әсел Тасмағамбетова, Үміт Шаяхметова, Ғалымжан Есенов, Ерлан Сағадиев сияқтылардың талайы төбе көрсетті.

Бұлар офшордағы қап-қап ақшасын қанша жасырғанымен, үнемі «тіміскіленіп» жүретін батыстық журналистер бәрібір біразын су бетіне шығарды. Әлі де бауырын батпаққа тығып, бұғып жатқан «жайындар» бар су түбінде. Күндердің-күнінде олар да әшкере болар. Әзірге қолға түскен бірен-саран «лақаны» талғажау қыла тұрармыз...

Жуырда ERG-дің басқарушы менеджерлерінің бірі – Машкевичтің «өкіл баласы» Алдияр Қазтаевтың 4 млрд теңгелік суперяхтасы туралы жазғанбыз. Бұл суперяхтаны ол шешесі Ғалия Сарғасқаеваның атына тіркеп қойғаны белгілі болған. Енді А.Қазтаевтың суперяхтадан бөлек, Лондонның төрінде аса қымбат пәтері бар екені әшкереленді.

Пәтер Кенсингтондағы Wycombe Square №1 үйде орналасқан. Бұл элиталық тұрғын үй кешені 2005 жылы пайдалануға берілген. Жапсарлас тұрған үш ғимаратта 49 пәтер мен пентхаустар бар. Әрбір пәтердегі жатын бөлмелердің санының өзі бес-алтаудан. Бұл туралы «Выход к морю» телеграм-каналы жазды.

Wycombe Square мекен жайындағы үй. Фото: jowebster.com

Пәтерлер тәулік бойы күзетіледі, жерасты автотұрағы, бақшасы бар. Сондай-ақ, Қазтаевтардың пәтерінен с...дік шаптырым жерде Глостерскийлер герцогы мен герцогиниясының корольдік үйі мүшелерінің резиденциясы тұр. Одан әрі Гайд-парк арқылы Букингем сарайына оңай жетуге болады екен. Осыдан-ақ біздің «лақаның» қандай суда жүзіп жүргенін аңғарған шығарсыз?

«Бұл үйде қазір кім тұрып жатыр?» деген сұрақтың әзірге басы ашық. Бірақ бір нәрсе анық: адам тұра бастағалы бері бірнеше рет иесі өзгерген 25-пәтер қазір ошфор арқылы Garant Limited деп аталатын компанияға тиесілі. Ал компанияның өзі Джерси аралдарында тіркелген.

Құжаттарға қарағанда, жоғарыда сөз болған компания пәтерді 2013 жылы 3,2 млн еуроға сатып алған. Қазіргі бағасы 4 млн еуродан асып кеткен көрінеді.

1 тамыздан бастап Ұлыбританияда жаңа заң күшіне енді. Бұл заң шетелдік компанияларға жазылған жылжымайтын мүліктерге қатысты. Енді Ұлыбританиядағы жылжымайтын мүліктердің түпкілікті бенефициары ашық реестрде көрсетілуі міндетті. Яғни бұдын былай коррупционерлер тыққандарын шетелдік компаниялардың «қалтасына» жасыра алмайды деген сөз.

Естеріңізде болса, бұрынғы спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы енесінің «бизнесвумен» екенін, дүние-мүлікке де енесі ие екенін айтып, күлкіге қалған. Мұнысы кейін өз басына таяқ боп тиді.

Ал енді Алдияр Қазтаев қайтер екен? Суперяхтаның жайы сияқты бұл жолы да әке-шешесінің артына тығыла ма, не істейді?

Фото: tengrinews.kz

Айтпақшы, өткен аптада «Еуразиялық үштік» – А.Машкевич, П.Шодиев, Ш.Ибрагимов Хромтауда жел электр стансасын саламыз деп деп мәлімдеді. Жобаның құны – 110 млрд теңге.

Осы жиында А.Машкевич жалындап сөйлеп, уәдені тағы үйіп-төкті. Алайда оны жақсы білетіндер бұған күдікпен қарады. «Сонау Африкадағы әлі бықсып жатқан дау ошағын қазақтың қолымен тағы көсеп жүрмей ме?» деген сұрақ көпшіліктің көкейінде тұрды...

Хромтауға біздің «сүйікті» кейіпкеріміз А.Қазтаев бармай қалыпты. Онсыз да «Машкевич «өкіл баласы» Қазтаевқа миллион доллар айлық төлемейтін болыпты», «Машкевич Қазтаевты жұмыстан қуып жіберіпті» деген әңгіме шыққан тұста «өкіл баланың» Хромтауға бармай қалуы отқа май құйғандай болды.

А.Қазтаев. Фото: inform.kz

Біз мұның анық-қанығын білу үшін ERG компаниясының баспасөз қызметіне хабарласып, мынадай жауап алдық: «Алдияр Қазтаев қазір топта («Еуразиялық топ» – ред.) қызмет етіп жатыр. ERG S.a.r.l атқарушы директорының бірінші орынбасары – «Еуразиялық топ» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы. Жекелеген қызметкерлердің айлық жалақысы жеке мәлімет болып саналады, жария етуге жатпайды. Қазтаев құрылтайшылармен бірге Ақтөбе облысына барған жоқ».

«Сіз кімсіз, Қазтаев мырза?» деген көлденең сұрақтың нақты жауабы әлі табылған жоқ. «Кейбір күмәнді жайттардың түйінін шешу үшін Ақордаға батыл саяси шешім қабылдау қажет» дегенді айтып жүргендердің де бір білгені бар-ау...

Тегтер: