26 Желтоқсан 13:10
...

Труппа «БОҚ» үшін фестивальден шеттетілді ме?

Фото:

Алматыда жастар театры көп. Солардың бірі – «Laboratory 316» труппасы. Мұндағы жастар ұшқыр, өткір, креативті һәм тапқыр.  Жас актерлер Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы колледжін бітірген. «Lab 316» труппасында бар-жоғы жеті актер жұмыс істейді. Қазақ тілінде өнер көрсететін шығармашылық топ осы уақытқа дейін бірқатар тың қойылымдарымен жұртты таңдандырып тастады. Солардың бірі – B.O.Q, яғни «БОҚ».

Құрылғанына екі жылдан асқан труппаның репертуарында онға жуық қойылым бар. Солардың ішінде көрермендерді елең еткізгені де осы –  «B.O.Q».

Труппаның актерлері Алмагүл Қазихан-Сағындық пен Жанна Қапасова Nege.kz порталының редакциясына арнайы келіп, не үшін фестивальдерден шеттетіліп жүргендерін айтты.

– «Laboratory 316» труппасы қалай құрылды? 

– Біз тәуелсіз театр труппасымыз. Ешқандай директор, арнайы режиссерымыз жоқ. Оқуды бітіргеннен кейін мемлекеттік театрларға жұмысқа шақырды. Бардық, бірақ ұнамады. Үш айдан кейін кетіп қалдық. Неге десеңіз, мемлекеттік театрдың талаптары мен тәртібіне бағына алмадық. Шығармашыл жандар еркін болуы керек емес пе? Содан шеберлігімізді шыңдаймыз деген мақсатпен Мәскеуге бардық. Ол жақта біраз тәжірибе жинадық. Бір Мәскеудің өзінде үш жүзге жуық театр бар. Бәсекелестік басым. Негізі, тәуелсіз театрлар көш бастап тұр. Көптеген қойылымдарды тамашаладық. Жастардың өнерін көрдік. Содан «Біздің елде мұндай жоқ. Неге жастардан жасақталған тәуелсіз театр труппасын құрмасқа?» - деген ой келді. Барлығымыз Алматыға қайта оралдық. Театрға барғымыз келмейді. Жаңа дүние жасағымыз келді. Бірақ оған қаражат керек. Қалай бастаған дұрыс деп көп ойландық. Идеямызды бірге оқыған курстастарымызға айтып, ұсыныс жасадық. Барлығымыз жиналып ұстазымыз, режиссер Кубанычбек Адыловқа бардық. Ол бізді бірден қолдап, қолдан келген көмегін аямады. Он бес шақты әртіспен театр труппасын құрдық. Қазір содан жетеуміз қалдық.

– Мақсаттарың не? Ақша табу ма?

Ақша үшін емес. Театрмен ақша таба алмайсыз. Мұны айтудың өзі күлкілі. Алматыда заманауи театрлар бар. Бірақ, олардың барлығы орыс тілінде. Сондықтан қазақ тіліндегі жастар театр труппасын құру біздің басты мақсатымыз болды. Екінші мақсат – жастарды театрға қызықтыру. Себебі, қазіргі жастар үшін театр қызық емес. Театрға барған күннің өзінде ұнатпайды. Жастар қызығатындай әсерлі қойылымдарды ұсыну үшін көп іздендік.

– «БОҚ» қойылымының авторы кім? Не айтқыларыңыз келді?

– Бұл қойылымды біз ойдан шығарған жоқпыз. Тек атауына ғана өзгерттік. Негізі бұл пьесаны 1954 жылы Фредерик Дуримант жазған. «Геркулес және Авгийдің ат қорасы» пьесасын қазақшаладық. Қойылымның атауын қазақша «Геркулес және Авгийдің ат қорасы» деуге де болар еді. Бірақ онда тақырып көрермендерді қызықтырмайды. Сондықтан «БОҚ» деп атадық. Себебі, қойылымның мағынасы да осы тақырыпқа негізделген. Кезінде Элида деген мемлекет болыпты. Аңызға сенсек, ол Элида мемлекеті боққа батып кеткен. Қандай мағынада екенін түсініп отырған шығарсыздар. Қойылымның соңында мынадай сөздер айтылады: «Боқты тазалау бір ғана емес, бірнеше дәуірдің ісі. Боқты тазалау мүмкін емес, себебі оған Элидалардың басы толған. Ал, бастарды тазалау мүмкін емес.»  

Қойылымды тамашалаңыздар. Көптеген сұраққа жауап аласыздар. Көргендердің бәрі «Қазіргі саясатқа қатысты дүниені қалай қорықпай көрсетіп жүрсіңдер?», - деп сұрайды. Біз ойдан ештеңе шығарған жоқпыз. Күнде көріп жүрген жайттарды сахналадық. Алайда, осы қойылым үшін кейбір фестивальдерге қатысудан шеттетілдік.

Ұлжан Айнақұлова

Тегтер: