USD
USD
USD

«Құжаттарды Боқаев әкелді»: сотта бұрынғы кәсіподақ төрайымы жауап берді

Алматының Алмалы аудандық сотында қоғам белсендісі, «ҚазТрансГаз» басшысының бұрынғы кеңесшісі Санжар Боқаевқа қатысты іс қаралып жатыр. 27 қазандағы сот отырысында «ҚазТрансГаз» кәсіподағының бұрынғы төрайымы Зәуреш Маханова халықаралық автожорықты ұйымдастыруға мердігерлердің қалай таңдалғанын және құжаттардың қалай рәсімделгенін айтып берді.

бокаев
Фото: instagram.com/sanzhar_bokayev

Астана, NEGE. Куәгердің сөзінше, автожорықты ұйымдастыру үшін BM Trust және We Can компанияларын Санжар Боқаев ұсынған. Екі компанияның құжаттарын да қол қою үшін Боқаевтың өзі әкелген.

Маханованың айтуынша, кәсіподақ комитеті отырысының хаттамасына қызметтік жазба тіркелген. Онда екі компанияның шығындары бөлек есептеліп, екі түрлі сома көрсетілген. Комитет мүшелері басқа мердігерлерді де ұсына алғанымен, ешкім өзге компаниялардың кандидатурасын ұсынбаған.

Сот отырысында прокурор қаржының неліктен екі келісімшартқа бөлінгенін сұрады. Бұған жауап берген Маханова Мадияр Қалменовтің сомалары алдын ала көрсетілген дайын келісімшарттарды әкелгенін айтты. Ал Боқаевтың қаржыны не себепті осылай бөлгенінен хабарсыз екенін жеткізді.

Куәгер атқарылған жұмыстар туралы актілерді Боқаевтың кабинетінен алып отырғанын да айтты. Оның сөзінше, кәсіподақ комитетінің хаттамасында автожорықты ұйымдастыруға жауапты адам ретінде Боқаев көрсетілген.

Бұған дейін жауап берген кәсіподақ комитетінің хатшысы Мұхтар Амерханов та BM Trust компаниясын тартуды Боқаев ұсынғанын мәлімдеген.

Айыптау тарапы не дейді?

Айыптау тарапының мәліметінше, халықаралық автожорықты ұйымдастыру жұмыстарын We Can компаниясы атқарған. Ал BM Trust арқылы кәсіподақ қаржысының бір бөлігі жымқырылған деген күдік бар.

Айыптау қорытындысында жымқырылды деп көрсетілген сома – 42,1 млн теңге. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл ақшаның бір бөлігі кейін Art Romance брендімен жиһаз өндірісін ашуға жұмсалған.

Бұл іс бойынша Санжар Боқаевпен бірге оның жиені Мадияр Қалменов пен жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожа да сотқа тартылған.

Боқаевқа Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, ол аса ірі көлемдегі алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша айыпталып отыр.

Мадияр Қалменовке алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, ал Ұлан Нүсіпқожаға ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және жалған ақпарат дайындау мен тарату бойынша айып тағылған.

Санжар Боқаев өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Ал онымен бірге сотталып жатқан Ұлан Нүсіпқожа 22 қазанда кінәсін толық мойындап, сотта жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.

Айыпталушылардың кінәлі не кінәсіз екені жөнінде сот әлі түпкілікті шешім шығарған жоқ.

Қазір оқып жатыр

Заңсыз ішімдік саудасы: кәсіпкерлерге 932 млн теңге айыппұл салынды

Арақ

Жойылудың аз-ақ алдында тұрған: ханзада Уильям Қазақстанның киіктерін мысалға келтірді

Киік

Айсұлтан Сейітовті плагиат жасады деп айыптады: режиссер не дейді?

Айсұлтан Сейітов

Қазақстанда жеті микроқаржы ұйымына несие беруге тыйым салынды

лицензия