6 Наурыз 17:10

Күзде оқушы қыздарға жаңа вакцина салынады

Вакцина
Фото: ғаламтордан

Қыркүйекте оқушы қыздарға жатыр мойны обырын тудыратын адам папиллома вирусына қарсы екпе салынады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Алматы, NEGE. 350 000 екпе дозасы 9 млрд теңгеге сатылып алынады. Ол 170 000 адамға жетеді. Екпе екі рет салынады. Бұл вакцина жатыр мойны обырын тудыратын папиллома вирусының алдын алу үшін салынады. Вакцинаның маңыздылығы туралы «Біздің дәрігер» жобасына сұхбат берген жоғары санатты онкогинеколог Бақытжан Әлібекова түсіндіріп берді.

Дәрігердің айтуынша, елімізде әйелдер арасында жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жыл сайын шамамен 1800 әйелге жатыр мойны ісігі диагнозы қойылады. Оның ішінде шамамен 600 қыз-келіншек осы дерттің құрбаны болады. Сондықтан жатыр мойны обырының профилактикасы ретінде салынатын папиллома вирусына қарсы салынатын екпеден қорықпау керек.

Бұл екпе неге 11 жасар оқушыларға салынады деген сауал ата-аналарды алаңдатып отыр. Себебі аталмыш вакцинаның ережесі бойынша қыздар жыныстық-қатынасқа түспей тұрып салынуы керек. Екпе оқушы қыздардың ата-анасының рұқсатымен ғана салынады.

Адам папиллома вирусына қарсы вакцина әлемнің 100-ден аса елінде оқушыға қыздарға салынады. Кей мемлекеттерде екпе ұлдарға да салынады. Осы вакцинаны арқасында жатыр мойны обырына шалдығатын әйелдердің саны 80-90% төмендеген. Ал көрші мемлекеттер Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстанда да оқушы қыздар жасына сай екпе алып жүр. Біз вакцинадан емес, ауру тудыратын вирустан қорқуымыз керек дейді онкогинеколог. Әйелдер ауруды ерте анықтау үшін уақытылы скринингтен өтуі маңызды. Өйткені жатыр мойны обыры 3 - 4 сатыға өткен кезде онымен күресу қиын және ол өмірді қысқартатынын естен шығармау керек.