Құтқарушылардың жалақысын санатына қарай көтеру мәселесі талқыланды

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жұмыс сапарымен Жетісу облысына барған болатын. Жұмыс сапары барысында өңірдегі Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің жеке құрамымен кездесу өткізді.
Алматы, NEGE. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинмен болған кездесуге Жетісу облысының тұрғындары да қатысты. Негізіг күн тақырыбында тұрған тақырып жалпы құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, еңбекақысын арттыру мәселесі айтылды.
«Барлығыңыз біліп отырғандай, біздің қызметкерлер әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған. Мсыалы, тұрғын үй төлемдеріне қатысты, қосымша жәрдемақыларға байланысты үстемақылар болмай қалып жатады», - деді жиын барысында сөз сөйлеген министр.
Сол себепті, құтқарушылардың жалақысын санатына қарай 40-тан 70%-ға дейін көтеру мәселесі талқыға салынды. Мұның барлығын Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырады.
Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар, Министрлік бөлімшелерін материалдық-техникалық жарақтандыру да дұрыс жолға қойылған.
Төтеншеліктердің жанкештілігі қашан да қоғам назарынан тыс қалып кетіп жатады. Олардың құтқару кезіндегі батылдығы мен ерекше ерлігіне айрықша тоқталып өткен жөн. Сол себепті, Жетісу өңірінде өрт кезінде екі баланы құтқарған Айдос Құрмантайұлы Сағынтаевқа министр өз қолымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалін тақты.
Марапттау рәсімі ары қарай да жалғасын тапты. Жетісу облысы Полиция департаментінің арнайы жедел ден қою жасағының инспекторлары полиция капитаны Ермек Қаршығаұлы Асатпаев және полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Жұмабайұлы Оразалиев, Талдықорған қаласы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары полиция лейтенанттары Бекжан Мәжитұлы Біләлов және Сырым Марланұлы Құмархан алғыс хаттармен марапатталды. Мұның барлығы адал еңбектің маңдай термен келген жемісі.
Сонымен қатар, Сарқан қаласы №12 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы азаматтық қорғау капитаны Тілеужанов Еділ Арманұлы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы грамотасымен марапатталды.
Өсіп келе жатқан, болшақ құтқарушылар да марапаттан құр алақан қалған жоқ. «Құтқарушы» мамандығының имиджін арттыруға қосқан үлесі, оқудағы жетістіктері және мектептің қоғамдық, спорттық және мәдени өміріне белсенді қатысқаны үшін Жансүгіров ауылындағы Сыдықов атындағы орта мектептің «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбының оқушылары Министрдің Алғыс хаттарына лайықты деп танылды.
Әлбетте, өз бастарын қатерге тігіп, қандай апат болмасын бірінші болып көмекке асығатын құтқарушылар қандай құрметке болса да лайық. Ал олардың әлеуметтік жағдайы әрдайым басты назарда болуы тиіс.